Қазақстанда ипотекалық бағдарламаның түрі көп. Олардың жылдық пайыздық мөлшерлемесін қалай төмендетуге болады? Жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Қайрат Қожанов Massaget.kz тілшісіне ипотекаға баспана алу кезінде көмектесетін тиімді жолдарды айтып берді.
Еліміздегі жалғыз тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ипотека рәсімдеу ең тиімді нұсқа. Өйткені мұнда қарыздың жылдық мөлшерлемесі төмен - 3,5-5 пайыз.
Оны алу үшін:
Бағалау көрсеткішін 16-ға жеткізіп, тұрғын үй қарызын жылдық 5 пайыз мөлшерде алу үшін үш жыл ішінде өз депозитіңізді шартта көрсетілген сомаға (ай сайынғы жарна мөлшері) уақытылы толықтыру қажет.
Бағалау көрсеткішін бұдан да арттыруға болады, сонда ипотека мөлшерлемесі одан да төмен - 3,5 пайыз болады.
Сонымен қатар басқа да отбасы мүшелеріне депозит ашып, олардың әрқайсысына мемлекеттік сыйлық ала аласыз. Содан кейін оларды барлық қажетті соманы, яғни тұрғын үй құнының 50 пайызын жинаған кезде біріктіріңіз.
Бұл рәсімді көктемде өткізген дұрыс, өйткені ақпанда мемлекеттік сыйақы түседі, ал бұл бағалау көрсеткішінің өсуіне әсер етеді.
Алайда Қайрат Қожановтың айтуынша, кейбір кезде жылдық пайыздық мөлшерлемеге аса қатты мән берудің қажеті жоқ. Сарапшы бұл әдіс әрдайым тиімді бола бермейтінін жеткізді.
"Бұл көп адамды мазалайтын сұрақ. Пайызға қатты көңіл бөлетін және бөлмейтін кездер болады. Төмен пайызбен алудың түпкі мақсаты - тиімділік. Бірақ тиімділік әрдайым пайыздың төменділігіне байланысты болмайды. Елдегі тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен ипотеканы 3,5 пайызбен алуға болады, ол үшін алатын үйіңіздің құнының 50 пайызын банктің депозитіне салып, кемінде 3 жыл күтесіз. Сонда сізге ипотеканы 3,5 пайызбен алуға мүмкіндік беріледі, мысалы, 20 миллионның 10 миллионы. Алайда сіз таңдаған баспана 3 жылда 30 миллион болып кетуі мүмкін ғой. Ақшаңыз инфляциямен құнсызданып кетуі әбден мүмкін. Себебі банк сіздің депозитке салған ақшаңызға жылына бар-жоғы 2 пайыз сыйақы береді. Ал басқа банктер 18 пайызға дейін береді, енді есептей беріңіз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл жүйесі баспана бағасы өспейтін қоғамда ғана жұмыс істейді деп ойлаймын", - деді ол.
Сарапшы бұл жүйеге қарағанда, тиімді болатын әдіс ұсынды.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозитіне 50 пайыз қаржыңызды салып, 6 айдан кейін пәтерді рәсімдей берсеңіз болады. Бұл кезде ипотека 7,5 пайызбен берілуі мүмкін, бірақ 2,5 жылдан кейін 5 пайызға түседі. Бұл Қазақстандағы ең төменгі пайыздық мөлшерлеме деп айтатын едім. Оған қоса, ақшаны үнемдегіңіз келсе, ақшаны ай сайын көбірек төлеп, кредитті мерзімінен бұрын өтей аласыз. Бірақ бұл жағынан да ойлану керек, өйткені 5 пайыздық мөлшерлемемен берілген ипотекалық несиені жылдам төлеп аяқтаған дұрыс па, әлде оны 18 пайыздық депозитке салып, үстінен қосылған ақшаны ай сайын төлеп отырған тиімді ме? Әрине, 5 пайызбен алынған қарызды жабу тиімсіз, өйткені ол 5 пайыз. Ол ақшаны басқа банктің депозитіне салып қойсаңыз, банк сізге 18 пайыз сыйақы береді. Мен түсінемін, біздің қоғамда банк пен пайыз дегенге қатысты оң пікір қалыптаспаған. Олар пайызды тек артық төлем ретінде көреді. Егер инфляцияны ескеретін болсақ, сізге үйді жылдам алған тиімдірек. Өйткені үйді 3 жыл күтіп алғанға қарағанда, жоғары пайызбен 20 миллион теңгеге қазір алсаңыз, үй біршама уақыттан кейін 30 миллион теңге болуы мүмкін. Ал үйді төмен пайызбен аламын деген адам үш жыл күтетін болса, ол ақшасының үстіне тағы ақша қосу керек болады. Екінші артықшылық, пәтерді қазір алсаңыз, пәтер жалдауға ақша жұмсамайсыз, бұл да бір тиімділік. Ол үйде тұрмаймын десеңіз, жалға бере аласыз, оның ақысына ипотека төлейсіз", - деп түсіндірді ол.
Қайрат Қожанов басқа да банктер арқылы пайыздық мөлшерлемесі төмен ипотекалық несие алуға болатынын айтты.
"Сонымен қатар сатылымдағы үйлердің екі түрі бар, бірінші және екінші нарықтағы үйлер. Бүгінде бірінші нарықтағы үйлерді алуға мүмкіндік беретін екінші деңгейлі банктер бар, олардың пайызы аса қатты жоғары емес, тіпті төмен болуы мүмкін. Бұл серіктестік бағдарлама деп аталады. Мысалы, бірінші нарықтан үй таңдап, оның құнының 50-60 пайызын құятын болсаңыз, ипотека 5 жылға рәсімделсе, жылдық пайыздық мөлшерлеме 2, тіпті 1 пайыз болуы мүмкін. Бұл да өте тиімді. Ал енді пәтерді екінші нарықтан алғыңыз келсе, мұндай бағдарлама жоқ", - деді ол.
Сондай-ақ маманның сөзінше, тиімді деген сөзді жан-жақты түсіну маңызды.
Адамдар бір дүниені түсінуі керек, адамдар төмен пайызбен үй алсам, тиімді болады деп ойлайды. Жоқ, тиімділік деген бөлек. Тиімділік дегеніміз - үйді арзан алу, мүмкіндік болса, пайызын төмендету, ыңғайлы жерден алу, алғашқы жарнаны азырақ немесе көбірек құю арқылы алу. Төмен пайызбен алу тиімділіктің жай ғана бір бөлшегі. Өйткені сіз ипотеканы төмен пайызбен алсаңыз да, үйді қымбат алып қоюыңыз мүмкін. Бұған алданбаған дұрыс", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы ипотекадағы тиімді фишкаларды бөліскен болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!