Қалай бәріне үлгеруге болады? NASA-да тағылымдамадан өткен оқушы қыздан лайфхак

Қалай бәріне үлгеруге болады? NASA-да тағылымдамадан өткен оқушы қыздан лайфхак
Фото: yaroslavakravchuk

15 жастағы Ярослава Кравчук биыл АҚШ-тағы NASA United Space-те екі апталық тағылымдамадан өтті. Павлодарлық оқушы тек жақсы оқып қана қоймай, сурет салумен, бимен және тенниспен де айналысады. Ярослава Кравчук пен оның анасы Ирина TengriLifestyle-ға қалай барлығына үлгеруге болатыны туралы айтты.

Ата-ананың қолдауы

Ирина Ярославамен ерте жастан бастап айналысқанын және әрқашан қызымен оның қалауы мен армандарын ескере отырып, тең дәрежеде сөйлескенін айтады. Сондықтан қызы кішкентай бола тұра ғарышпен әуеcтене бастағанда, отбасы оның ұмтылысын қолдады. Олар бірге түрлі қаладағы обсерваторияларға барып, шоқжұлдыздарды зерттеген. Қыздың әкесі мен анасы бизнеспен, өндіріспен айналысады, бірақ балаларын тәрбиелеуге уақыт бөлуге тырысады. Ирина баланы тыңдау маңызды дейді. Сондай-ақ, анасы өз армандарын және орындалмаған мақсаттарын балаларға жүктемеуге тырысады, өйткені олардың өз өмірі, жоспарлары бар. Ата-ана тек көмектеседі, кеңес береді және қолдайды. Ярослава өз анасына мұндай қарым-қатынас үшін риза екенін айтады.

Спорт

Ирина балалардың өмірінде спорт болуы керек деп есептейді. Ең бастысы - балаңызға сәйкес келетін спорт түрін таңдау. Алдымен қызымен бірге спорттың барлық түріне қатысып көрген, кейін қызы теннисте жетістікке жеткісі келетінін түсінген.

"Мен 7 жасымнан теннис ойнаймын. Бұл спорт маған жылдам жүруге, өзімді және қарсыласымды сыртынан талдауға, ойынның тактикасы мен стратегиясын алдын ала ойластыруға мүмкіндік берді. Өзіңіздің спорт түріңізді тек сынақтар мен қателіктер арқылы таңдай аласыз", - дейді Ярослава.

Қазір Ярослава теннисті жақсы ойнайды, түрлі жарыстарға қатысады және әйгілі спортшы Елена Рыбакинамен кездесуді армандайды.

Иринаның айтуынша, спортпен шұғылдану - бұл керемет хобби және баланың өзін-өзі тәрбиелеу мүмкіндігі.

Күн тәртібі

Бала кезінен Ярослава оқу, спорт және шығармашылық хоббиді біріктіретіндей уақытты жоспарлауды әдетке айналдырған.

"Мектеп кезінде таңғы 6:40-та тұрамын. Өзімді ретке келтіріп, жақсы таңғы ас ішу үшін ерте тұрамын", - дейді Ярослава.

Өз кестесінде ол спортқа уақыт бөлуге тырысады.

"Аптасына екі рет бір сағаттан тенниске барамын. Тағы аптасына бірнеше рет биге барамын. Демек, күн сайын спортпен айналысамын. Бірақ маған ұнайды", - дейді Ярослава.

Биыл қыз көркемсурет мектебін бітіріп үлгерді.

"Мен үшін бұл жай хобби емес. Сурет салу маған демалуға көмектеседі және тыныштық сыйлайды", - дейді Ярослава.

Ярослава алдын ала жоспарлауға дағдыланған.

"Ең бастысы, бір күнге, тоқсанға немесе оқу жылына арналған жоспарым бар. Мен "орындалған істер" тармақтарын сызуды ұнатамын", - деп толықтырды ол.

Ирина баланы ерте жастан бастап өз кестесін құруға үйрету өте маңызды екенін айтады. Сонда бала бір істің қанша уақыт алатынын түсінеді дейді. Дегенмен баланы шамадан тыс жүктемей, керісінше оның қалай алып жүретініне назар аудару керек. Мысалы, спорттан бастаңыз. Ол мектепті де, жаттығуда да, басқа нәрсені де бірге алып жүруге дайын болса, онда жаңа сабақтарды енгізуге тырысыңыз. Ең бастысы, оны ата-анасы қалаған жерге беруге тырыспай, баланың пікірін тыңдаңыз. Ол қандай да бір істі ұнатпаса, онда ол өзі ұнатқанша басқа нәрсені сынап көре алады.

Әрекетті өзгерту

Ярослава шаршап қалмас үшін көмектесетін кеңестерімен бөлісті.

"Бір нәрсені жасағаннан шаршамау үшін әрқашан әрекетіңізді өзгерту керек. Барлығын бірге алып жүруге тырысуыңыз керек. Спорттан шаршаңыз, сурет салуға ауысыңыз. Әрекетті өзгерту маған шаршап кетпеуге көмектеседі", - деп бөлісті Ярослава.

Ярославаның өзі болашақта қайда оқығысы келетінін әлі шешкен жоқ, бірақ ол өзіне ұнайтын нәрсені таңдайтынын біледі. Мүмкін, қыз ғарышты кәсіби зерттеумен айналысады немесе фотограф не дизайнер оқуына барады. Қазір оның айтуынша, ол болашақта өзіне пайдалы болатын дағдыларды жинақтап жатыр.

Демалыс

Ярослава үшін міндетті шарт - демалу уақыты. Аптаның бір күні қыз толығымен бос болады.

"Кестеде оқу, демалыс және әлеуметтік желілер үшін уақыт қалдыру керек. Режимді ұстанған кезде көп нәрсені жасай аласыз. Кез келген қиындықты шешімі бар мәселе ретінде қабылдау керек және оны бірнеше ұсақ нүктелерге бөлу керек, сол арқылы олармен күресу оңай. Мен бұл принципті оқуда да, өмірде де ұстанамын", - дейді Ярослава.

Ярославаға әрдайым ынталы болуға көмектесетін нәрсе - оның барлық іс-әрекеттеріне деген шынайы махаббаты.

"Жалпы, бәріне үлгеру үшін не істеп жатқаныңызға қызығушылық болуы керек. Трендте болған соң немесе ата-анасы мәжбүрлегендіктен істемеу керек. Сүйікті ісіңізге деген шынайы қызығушылық болған кезде, сәттілік болады", - деді Ярослава.

Айта кетейік, 2022 жылғы тамыздың басында NASA жанындағы жазғы мектептегі ұлттық жәрмеңкеде Ярослава Қазақстанның мәдениетін таныстырып, Абайдың әнін шырқағаны белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек