Қаланың мүлкін бірге қорғайық: Астанада "Тоқта, вандал" акциясы өтіп жатыр

Қаланың мүлкін бірге қорғайық: Астанада "Тоқта, вандал" акциясы өтіп жатыр
Фото: gov.kz

Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында вандализммен күресу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін елордада қаланың мүлкін, аула аумақтары мен қоғамдық алаңдардың бүлінуіне жол бермеу бойынша "Тоқта, вандал" акциясы басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Тоқта, вандал" акциясы 2 тамыз күні "Хан Шатыр" СОО алдында өткізілді. Оған ұрыс қимылдарының ардагерлері, еріктілер, ҮЕҰ, этномәдени ұйымдардың өкілдері қатысты. Бастама елордада вандализмге жол бермеуге және қала мүлкін сақтауға бағытталған.

Қатысушылар елорда тұрғындарын бұзақылық әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Іс-шара барысында қала тұрғындарына "Қаланың келбетін сақтайық!", "Бастаманы қолдайық!", "Астана – біздің ортақ үйіміз!", "Қалада вандализмге жол жоқ! Елде вандализге жол жоқ!" жазуы бар 200-ден астам постер таратылды.

Акция жыл соңына дейін жалғасады деп хабарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада ұсақ құқық бұзушылықтарға "нөлдік төзімділік" қағидатын іске асыру аясында ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы "ұсақ бұзақылық" бойынша 555 хаттама жасалды. Оның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны, жеке тұлғаларды қорлағаны, ғимараттарға, өзге де құрылыстарға, тұрғын үй-жайларға, ортақ орындарға, көліктегі мүлікке және басқа да мүлікке зиян келтіргені үшін, сол сияқты қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да ұқсас әрекеттер бар.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін елорда көшелерін күн сайын 2500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскери бөлімінің қызметкерлері күзетеді.

 Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы ұсынған материал

Massaget.kz