Ақмола облысының еріктілері сатып алушы болып, астаналық дәмханаларды етпен қамтамасыз ететін ит аулаушымен сөйлескен. Олар полиция қызметкерлерімен бірге ер адамды ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Instagram желісіндегі Inucobo_kz парақшасына сілтеме жасап.
Ер адам тендерге сәйкес 18 ауданы бар екенін және одан ит қашпайтынын айтады. Сондай-ақ, ит аулаушы қаланың жартысын етпен қамтамасыз ететінін айтып, қызметін жарнамалаған.
"Біз үлкен көлемде ит етін сататын ер адаммен байланысқа шықтық. Сатып алушылар атын жамылып, бұл адамдардың Ақмола облысынан екенін анықтадық. Ол ешкімнен қорықпайтыны сонша, шағын партия ет сатпайтынын айтып мақтанды. Етте чип пен оқ болуы мүмкін, сондықтан мұқият пісіріңіздер дейді. Еріктілер мен полиция қызметкерлері қаскөйді ұстады, одан қару-жарақ пен 750 келі ит еті тәркіленді", - делінген хабарламада.
Еріктілердің айтуынша, тергеуден кейін ит аулаушы кепілге босатылған.
"Ит етін ұнататындарға қайталап айтамыз, ит пен мысықтың етін жеуге тыйым салынған және бұл Қылмыстық кодекстің 316-бабының "Жануарларға қатыгездiкпен қарау" бойынша қаралады. Құқық қорғау органдары бұл мәселеге назар аударады деп сенеміз. Бұл қылмыстық іс Алматы облысының Қарасай ауданында әшкереленді", - делінген жазбада.
Еріктілер мұндай оқиғаның өрескел қатыгездік қана емес, ит етіне тапсырыс беріп, дәмханаға келушілердің денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін дейді.
"Бұралқы иттер ауру, құтырған болуы мүмкін ғой. Оларды кім тексерді?" - дейді жануарларды қорғаушылар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!