Биыл Өскеменде абаттандыру жұмысы ерекше қарқынмен жүргізілді. "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында көшелер көріктеніп, аулалар абаттанды, қаланың бірнеше ауданында балаларға арналған ойын алаңқайлары мен спорт алаңдары салынды. Қала жұрты жиі баратын Шешек асуында тамаша демалыс орны пайда болды. Өскеменде іске асырылған жобаларға шолу.
Қала әкімінің орынбасары Абзал Мәулетхановтың айтуынша, биыл абаттандыру жұмыстары 40 учаскеде жүргізілуі жоспарланған. Оның ішінде 16 аулада кешенді абаттандыру жүргізілсе, 16 балалар ойын алаңы, 9 спорт алаңы бой көтерді. Бүгінде жоспарланған 40 учаскенің 37-сінде жұмыс аяқталды: 17 шағын сәулет формасы орнатылып, бетон негіздері дайындалды, 3 мың шаршы метрден астам тақта тас төселді, жалпы ауданы 5 мың шаршы метр болатын сегіз футбол алаңы жасалды.
Осы ретте айтар кетер маңызды мәселе, Өскемен тұрғындары жаңғыртуды қажет ететін аулаларды "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы арқылы өздері де ұсынған. Мәселен, жоғарыда атап өткен 16 ауланың 10-ы тұрғындардың бастамасымен қолға алынды.
Абаттанған Қазақстан
Қаланың қақ ортасындағы Қазақстан көшесінде әдемі аллая пайда болды. Орталық көшеге 106 жарық шам, 70 орындық, 15 әткеншек, 10 пергола орнатылып, балалардың ойын алаңқайы салынды. Жоба тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы аймақ, қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Нәтижесінде Қазақстанның бойындағы түрлі дәмханалар ашылып, "АДК" сауда үйінің маңында қосымша көлік тұрақтары салынды, жаяу адамдар жүретін жол кеңейтіліп, жаңа тас төсеніштер төселді. Өскемендіктер бұл өзгерісті жылы қабылдады.
"Қазақстан көшесін абаттандыру көзге қуаныш, көңілге жылу сыйлайды. Жаяу адам жүретін жолдың бойына орындықтар қойылған. Отырғанға ыңғайлы. Арамшөптерді отап, ағаштарды ретке келтірілді. Жолға жаңадан тас төсеніш жайды. Бұл жермен жүрсем басқа қалада келе жатқандай сезінем. Айтар жоқ, өзгеріс бірден сезіледі. Маған ұнады", – деді өскемендік стуент Әйгерім Қайратқызы.
Жоба аясында Қазақстан, Пермитин және Горький көшелерінің бойында үш сектордан тұратын демалыс кеңістіктері қарастырылған. Әрбір учаске көпшілікке ыңғайлы шағын аула форматында жасалады. Бұл жергілікті тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам деуге болады.
Көпір асты адам танымастай өзгерді
Ертіс көпірінің астындағы бос жатқан аумақты жөндеп бастағанда біраз адам ол жердің қазіргідей өзгеріп сала беретініне сенген жоқ еді. Рас, көптің көңілінде "қалай болар екен?" деген күмәнді ой тұрды. Бірақ қала әкімі Алмат Ақышовтың бастамасымен қолға алынған жоба біз күткеннен де жоғары деңгейде орындалды. Бұрын әр жерде қоқыс шашылып, шаң басып тұратын аумақ адам танымастай өзгерді. Мұнда воркаут алаңдар, балалардың ойын алаңқайлары, ролик паркі, теннис үстелдері, баскетбол алаңы және аралас жекпе-жекке арналған сегізбұрышты ринг, велотұрақтар, киім ауыстыратын бөлмелер бар. Жастардың спортпен шұғылдануына қажетті түрлі арт-нысандар қойылған.

Әлемнің ірі қалаларында көпір асты кеңістіктер бейформал мәдениет ошағына, жастардың бас қосатын қауіпсіз әрі тартымды мекеніне айналған. Өскемен билігі де осы тәжірибені негізге алып, халыққа заманауи қоғамдық орын тарту етті.
"Биыл жазда ғана ашылса да бұл жер қала тұрғындарының, оның ішінде әсіресе жастардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда спортпен айналысқысы келген адамға бәрі бар. Бұрын осындай жерлерді теледидардан, кинодан көруші едік, енді міне өзімізде де бар. Тұрғындарға осыдан артық не керек?! Пәтерің жылы, көшең жарық әрі жайлы болса, бір сәт тысқа шығып серуендейтін саябақ болса дейміз. Бізде осының бәрі бар, тәубе. Жасап жатыр ғой әйтеу халық үшін", – деді қала тұрғыны, зейнеткер Күлпәш Нығметқызы.
Көпір астындағы алаңның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сегіз бейнебақылау камерасы орнатылған. Болашақта Өскемен әкімдігі қаладағы басқа көпірлердің астындағы аумақтарды да дәл осылай абаттандыруды көздеп отырғанын айта кету керек.
Аталған демалыс орны қаланың балансында болады. Дегенмен бұл аумақта шағын бизнес өкілдері де жұмыс істей алады. Кез келген кәсіпкер үш жылға жер телімін жалға алып, қоғамдық тамақтану орындарын аша алады. Бірақ бұл істе мәдениеттілік пен тәртіп бірінші орында тұруға тиіс. Қала орталығында қалай болса солай сауда жасауға жол берілмейді.
Тағы бір тамаша сквер пайда болды
Өскеменде тағы бір сквер пайда болды. Ол облыстық филармонияның дәл іргесінен бой көтерді. Бұл – тек демалатын орын ғана емес, қала келбетін жақсартып, адамдардың күнделікті өміріне жайлылық әкелетін маңызды нысан. Жаңадан бой көтерген демалыс аумағы тұрғындар үшін ашық аспан астында серуендеп, тынығуға қолайлы кеңістік қалыптастырды.
Сквер аумағы толық абаттандырылып, 3453 шаршы метр жерге тас төселіп, 201,83 шаршы метрге гранит плиталар орнатылады. Ал көгалды аймақтың аумағы – 4339 шаршы метр. Бұдан бөлек, екі субұрқақ, гүлсауыттар, заманауи орындықтар мен қоқыс жәшіктері, жарық шамдар орнатылды, жаяу жүргінші жолы салынды. Сонымен қатар көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, көшеттер мен гүлзарлар отырғызылды. Бұл өз кезегінде ауаның сапасын жақсартып, қаланың экологиялық ахуалына оң әсер етеді.

Сквер тұрғындардың бос уақытын сапалы өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын күшейтіп, тыныш әрі қауіпсіз орта қалыптастырады. Мұндай қоғамдық кеңістіктерді көбейту – қала өмірінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
"Сквермен қатар филармонияның қосалқы нысандары мен шаруашылық құрылыстарын да жаңартып, абаттандыру қажет. Сонымен қатар ашық аспан астындағы концертке арналған сахна орнату керек", – деп тапсырма берген болатын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан кезде.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бұл жоспар келер жылы қолға алынбақ. Әзірге абаттандыру толық аяқталды.
Шешектегі рекреациялық аймақ
Облыс орталығындағы жыл он екі ай адам аяғы үзілмейтін жердің бірі – Шешек асуы. Қыста сырғанақ теуіп, жазда таза ауада серуендеп жүрген адамдарды бұл маңнан жиі кездестіруге болады. Сондықтан қала әкімдігі Шешекті абаттандырып, рекреациялық аймақ құруға бекінді және қателескен жоқ. Жоба сәтті жүзеге асты. Жұрт риза.
Бұл аумақта бірнеше ондаған көлікті еркін сыйғызатын автотұрақ, жаяу адамдар жүретін жол салынып, кәуап пісіретін, тамақ ішетін орындар, 40 қоқыс жәшігі бар орындықтар қойылды. Сонымен қатар воркаут алаңы мен айналаны шолу алаңы жасалды. Балалардың ойын алаңқайы және қоқыс контейнерлері орнатылады, дәретханалар қойылды. Қысқасы, жайлы демалу үшін қажет дүниенің бәрі бар. Жобаны Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен DAN-invest мердігер компаниясы атқарды. Қала әкімдігі бұл жерде тегін таңдап алған жоқ. Шешек асуында ешқандай инфрақұрылым жүргізілмеген, жарық та, су да тартылмаған. Бірақ адамдар бұл жерде жыл он екі ай келеді. Сондықтан көпшіліктің сүйікті аймағын абаттандыру қолға алынды.

Шешекте бұрын ескі асфальт жолдан басқа түк жоқ еді. Инфрақұрылым тартылмаған. Бірақ адамдар онда жиі барады, серуендейді. Сол себепті біз бұл аймақты тұрғындарға қолайлы ету қажет деп шештік. Қоқыс жәшіктерін, орындықтар қойдық, қарау алаңын жасадық мангал аймағын, балалардың ойын алаңқайын, көлік тұрағын салдық. Беседкалар қойылды. Бұл жер болашақта қала тұрғындары демалатын жақсы орынға айналады, – деген болатын қала әкімі Алмат Ақышов Шешек рекреациялық аймағының ашылуында.
Шынымен де көп қаражат пен уақыт жұмсамай-ақ қала іргесінен тамаша демалыс аймағын салып берген Өскемен әкімдігіне жұрт дән риза.
"Қыста келіп балаларға сырғанақ тепкіземіз. Жотадан төмен қарай зулаған кезде жолға дейін шығып кететін. Көлік басып кете ме деп қорқасың. Қарап тұрғанның өзінде қауіпті ғой бәрібір. Енді жақсы болды, көліктер тұраққа тоқтайды. Сырғанақ қауіпсіз етіп жасайды. Мына жерде бұрын түк жоқ еді. Айналдырған бір-екі айда жасап тастады. Кәуабыңды алып бар да сол жерде пісіріп, шатырдың астында тамағыңды ішесің. Су бар, жарық бар", – дейді Өскемен тұрғыны Айдын Ақылбекұлы.
Самаладай жарқыраған көшелер
Қала көркі ең әуелі оның ғимараттарынан байқалады. Әсіресе көп қабатты тұрғын үйлердің келбеті шаһардың жалпы болмысына өзіндік өң беретіні түсінікті. Бұл бағытта Өскемен көштен қалып тұрған жоқ. Биыл облыс орталығындағы Жеңіс және Сәтпаев даңғылдарының бойында орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттардың қасбетіне декоративті жарықтандыру орнатылып, өзгеше бір реңк пайда болды. Көрген адамның көзі тоятын безендіру жұмысы қаланың сәнін арттырып, ажарын аша түсті.
Сондай-ақ Әуезов даңғылы мен Нұрмағамбетов көшесіндегі бірнеше тұрғын үйдің балкондары жаңартылып, қасбеті жаңғыртылды. Онда фиброцемент панельдер орнатылып, жарық жүргізіледі, кондиционер үшін арнайы қаптама жасалды. Жаңбыр суы ағатын желілер де толық жаңартылды. Жұмысты "Иртыш Курылыс" және "КазКурылысГруп" серіктестіктері жүзеге асырды.
Қасбетті жаңарту жұмысы тек әсемдік үшін емес, нысандардың жылу сақтау мүмкіндігін арттырып, үйлердің қауіпсіз әрі қолайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған бастама екенін айта кету керек. Жалпы, бұл жоба Өскеменнің заманауи, үйлесімді және көрікті қала ретінде қалыптасуына ықпал етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам болып саналады.

Сонымен биыл Өскеменде жүргізілген абаттандыру жұмыстары шаһардың келбетін айтарлықтай өзгертіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға зор үлес қосты. "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы арқылы қаланың әр ауданында ойын және спорт алаңдары бой көтеріп, аулалар жаңартылды. Қазақстан көшесі, көпір асты кеңістігі, Шешек асуы секілді бұрын назардан тыс қалған аумақтар жаңа демалыс орындарына айналып, тұрғындардың сүйікті мекеніне айналды. Филармония маңындағы жаңа сквер мен тұрғын үйлердің жаңғыртылған қасбеті Өскеменнің сәулеттік ажарына жаңаша сипат берді. Жүзеге асқан жобалардың барлығы – қала әкімдігі мен тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Бұл өзгерістер Өскеменнің заманауи, жайлы және қауіпсіз қала ретінде қалыптасуына серпін беріп, алдағы жылдары да абаттандыру жұмыстарының қарқынды жалғасатынын көрсетеді.
Өскемен әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz