Алматының бірнеше ауданының тұрғындары электр беру желілері апат жағдайында ажыратылғаннан кейін жарық өшкенін айтып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ 14 тамызда сағат 14:38-де "KEGOC" АҚ-ға тиесілі 500 кВ Л-5400, Л-5300 және Л-5320 әуе электр желілері апат жағдайында ажыратылуы салдарынан компания желілерінде апатқа қарсы автоматика іске қосылғанын хабарлаған болатын. Осылайша Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тұрғындар жарықсыз қалған.
Тұрғындардың айтуынша, қаланың түрлі бөлігінде осындай жағдай байқалған. Байтұрсынов көшесінің Жамбыл көшесімен қиылысқан жерінде бағдаршамдар жұмыс істемей тұр. Сондай-ақ, тұрғындардың сөзінше, көше бойында орналасқан дәмханалар мен дүкендер электр қуатынсыз қалған.

Қарасай батыр - Әуезов көшелері маңында да жарық жоқ.

Медеу және Алмалы аудандарының тұрғындары да электр энергиясы өшкенін жазып жатыр.

Электр қуаты өшуіне байланысты бағдаршамдар жұмысында қиындық туындаған.

Тұрғындар Шаляпин көшесінде, Алтынсарин көшесіне жетпейтін тұста қозғалыс қиындағанын хабарлады. Олардың айтуынша, кептеліс пайда болған.
Мобильді байланыс жұмысында да іркіліс байқалған. Бұдан бөлек, метро бекеттері жабылған. Нақты қай бекеттер, қанша уақытқа жұмысын тоқтатқаны әзірге белгісіз.
Суреттер: Tengrinews.kz
"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ мамандар қажет іс-шараларды жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Алматыда Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында тұтынушылар жарықсыз қалғаны ресми түрде расталды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова