- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қала тұрғындары карантин...
Қала тұрғындары карантин кезінде психологтарға қандай сауалдар қоюда?
«Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ мен Қазақстанның психологиялық көмек еріктілері одағы бір апта бойы Нұр-Сұлтан тұрғындарына онлайн-кеңестер береді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Елорда Инфоға сілтеме жасап.
Орталықтың пациенттермен жұмыс бөлімінің басшысы Әйгерім Әбдіоразова осы уақыт ішінде қанша өтініш түскенін және астаналықтарды қандай сауалдар мазалайтынын айтты.
«Әзірге қоңыраулар көп емес. Күніне 2-3 адам call-орталыққа хабарласады, психологиялық кеңес алу үшін онлайн-өтінім қалдырады. Келіп түскен өтінішті бізбен тығыз жұмыс істейтін психологиялық көмек еріктілері қауымдастығының қызметкерлеріне жібереміз. Олардан клиентпен жұмыс істейтін маман байланысқа шығады. Бізде мамандар жеткілікті. Бүгінгі таңда онлайн-кеңес беретін 20-дан астам психолог жұмыс істеуде», – деді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, психолог пен өтініш білдіруші ұялы телефон арқылы хабарласа алады.
«Адамдар әр түрлі себептермен хабарласады. Өтініш берушілердің бір бөлігі отбасы мәселелері бойынша мамандар кеңесіне жүгінеді. Басқалары ауыр күйзелісті жеңу жолдарын сұрайды. Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары аурулары туралы сұрақтар түседі. Карантин кезінде ресми және ресми емес табысынан айрылған азаматтар бар. Оларды төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін қалай аяққа тұра аламыз деген сауал мазалайды», – дейді Әйгерім Әбдіоразова.
Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың қызметкері барлық психологтар тегін қызмет көрсететініне тоқталды.
«Бұл бастаманы психологиялық көмек қауымдастығының еріктілері көтерген. Осы ұйымның кәсіби, жоғары білікті психологтары көмек көрсетуге қуана келісті.
Айта кету керек, мұндай онлайн-кеңес беру тәжірибесі бізде болған жоқ. Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық осындай бастамаға алғаш рет қосылды», – деді Ә.Әбдіоразова.
Н. Үсенова