• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Қала мэрі ұсталды: Ыстамбұлда не болып жатыр?

Қала мэрі ұсталды: Ыстамбұлда не болып жатыр?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ыстамбұлда қала мэрі Экрем Имамоглу ұсталды, ол - Түркия президенті Режеп Ердоғанға қарсы оппозиция өкілі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол не үшін ұсталды?

Ыстамбұл мэрі мен оның серіктестері 19 наурызда ұсталды. Олар 4 күн қамауда болады. Экрем Имамоглу сыбайлас жемқорлыққа, пара алуға қатысы бар деген айыппен ұсталды.

Ыстамбұл прокуратурасы 106 күдіктіні, соның ішінде Экрем Имамоглуды ұстауға санкция берді. Прокуратура мәліметінше, муниципалдық сайлау аясында Экрем Имамоглу бастаған Ыстамбұл қалалық әкімшілігі террористік топпен байланысты "Халықтар конгресі" ұйымымен (HDK) одақтасқан болуы мүмкін.

Қаладағы ахуал қандай?

Қала мэрі мен оның серіктестері ұсталғаннан кейін Ыстамбұлда жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін наразылық акцияларына 4 күнге тыйым салынды. Қалада көлік қозғалысы мен кейбір метро желілерінің жұмысы шектелді.

Жалпы елде бірнеше әлеуметтік желі, соның ішінде Х, YouTube, TikTok және Instagram шектелді.

Шенділер қамауға алынуына және шектеулер енгізілуіне байланысты түрік лирасы бағамы күрт құлап кетті, Ыстамбұл қор биржасы индексі де төмендеді.

Артынша қалада наразылықтар басталды. Полиция шеруге қатысушыларға қарсы күш қолданды.

Экрем Имамоглу туралы не белгілі?

Экрем Имамоглу 2019 жылы наурызда Ыстамбұл қаласының мэрі болды. Муниципалдық сайлауда ол "Ұлт альянсының" атынан Ыстамбұл мэрі лауазымына үміткер болды. Имамоглу 54,22 пайыз дауыспен жеңіске жетті.

Бұған дейін, 2014 жылдан бастап ол Ыстамбұлдағы Бейликдюзю ауданының мэрі болған. Елдің басты оппозициялық күші саналатын Республикалық халық партиясының құрамына 2008 жылы кірген.

instagram.com/ekremimamoglu

Саяси мансабын бастамас бұрын ол құрылыс және жылжымайтын мүлік бизнесімен айналысқан.

Экрем Имамоглу Түркия президенттігіне үміткер саналады. 8 наурызда ол Измирдегі науқанын бастады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget