Қала күніне орай Алматыда бірнеше автобустың бағыты өзгереді

Қала күніне орай Алматыда бірнеше автобустың бағыты өзгереді

Алматыда 10 бағыттың қозғалыс сызбасы "Астана" алаңының жабылуына байланысты өзгерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыда Қала күніне орай өтетін ауқымды мерекелік іс-шараларға байланысты 12-16 қыркүйек аралығында Төле би көшесі Панфилов көшесінен Абылай хан даңғылына дейін жабылады.

Қалалық мобилділік басқармасының мәліметінше, осы уақыт аралығында 10 қоғамдық көлік бағытының қозғалыс сызбасына өзгеріс енгізілді.

Бұл №16, 37, 48, 126, 201, 205, 206, 209, 210 және 224 бағыттар. "Астана" алаңын шығыс бағытта Қабанбай батыр көшесі арқылы, батыс бағытта Бөгенбай батыр көшесі арқылы айналып өтеді. Сонымен қатар №16 және 126 бағыттары аталған аумақты Гоголь көшесімен айналып өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Төле би көшесі 4 күнге жабылатынын жазған едік.

Қала күнін мерекелеу аясында 14 қыркүйек сағат 16:00-де "Астана" алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтеді. Сахнада Мирас Жүгінісов, Айқын Төлепберген, Jazzdauren, Adam және басқа да танымал әртістер өнер көрсетеді. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері, продюсер DJ Imanbek.

Сондай-ақ "Астана" алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show өтеді. Концерт 17:00-де басталады, оған Нағима Есқалиева, Мейрамбек Беспаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков, Еркін Нұржанов, Айдар Тұрғанбай және т.б. әртістер өнер көрсетеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!