Көкшетауда қоғамдық дәретхана мәселесі ушығып тұр. Тұрғындар көшеде дәретхана таппай сандалатынын айтады. Қаланың ешбір ауданында қоғамдық дәретхана жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеше ғана Назарбаев пен Әуезов көшелері қиылысында қала тұрғыны үлкен дәретке отырған. Бұған дейін де бір-екі рет мас адамдар Абылай хан алаңындағы мұз қалашығына дәрет сындырған. Бұл жайттар қоғам арасында резонанс тудырған. Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзғандарға әкімшілік айыппұл салған.
Әлеуметтік желілерде де тұрғындар ащы жанайқайын жеткізіп, жергілікті атқарушы органдардан мәселені дереу шешуді талап етіп отыр. Тұрғындар қала ішіндегі көптеген дүкенде ересек түгіл, балаларды дәрет сындыруға кіргізбейтінін алға тартады.
"Дүкендерге жайдан жай әжетхана үшін кіргізбейді. Мәселен, үш жыл бұрын қыстыгүні баламмен балабақшадан жаяу шықтық. Аздап серуендемек болдық. Көшенің дәл ортасында балам үлкен дәретке отырғысы келді. Ал үйге жеткенше кемінде 20 минут жүру керек. "Лайм" дүкеніне кірдік. "Балам қатты қысылып тұр, әжетханаларыңыз қайда екен" деп сұрадым. Кассадағы қызметкерлер білмейтінін жеткізді. Одан әрі бутиктерге бардым. Ешкім білмейтінін айтады. Алдымнан күзетші шықты. Одан сұрап едім, әжетхана тек қызметкерлер үшін екені, камера болғандықтан кіргізе алмайтынын айтты. Дереу такси жалдап үйге кеттік. Балам саналы болғандықтан үйге дейін шыдап бақты. Бірақ әр бала осылай шыдай алмайды ғой. Дәмханаларда да дәл солай, әжетхана тек келушілерге ұсынылады. Әжетхана сұрағандарға "бізден тым құрығанда су алып, сосын кіріңіз, басқаша болмайды" деп шығарып жібереді", - дейді Татьяна Михайлова есімді қала тұрғыны.
Қала көшелеріндегі дүкеншілер де халыққа дәретханаға кіруге рұқсат берсе, ішін бүлдіріп, тіпті қажет заттарды ұрлап кететінін айтады.
"Биодәретханалардың болмауы қала жұрты үшін аса өзекті мәселе екенімен толықтай келісемін. Дәмханаларды білмеймін. Бірақ дүкендерге келсек, өзім біраз уақыт дүкенде жұмыс істедім. Дүкен автобус аялдамасының маңында болатын. Бір күні дүкенге балабақшада ағылшын тілінен сабақ беретін әйел кіріп, әжетханаға кіруді өтінді. Рұқсат бердім. Ал ол әжетханаға кірді де, сындырып, қолданылған дәретхана қағазын еденге тастап кетті. Ұялсын деп ескерту жасасам, ол дүкен ішінде айғайлап, тәрбиесіз екенімді айтты. Екінші мәрте бір әйел әжетхана сұраған соң кіргіздім. Ол гигиенаға арналған көпіршікті ұрлап кетті. Халықтың осындай анайы істерінен кейін дүкендер дәретханаға қалай кіргізбек?" - дейді қала тұрғыны Дидар Нұрғалиева.
Түйінді мәселені шешу жоспары жайлы Көкшетау қаласы әкімдігі өкілі пікір білдірді. Әкімдік өкілі қоғамдық биодәретхана мәселесі қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырылғанын, алайда бүгінге дейін ешбір кәсіпкердің бұл кәсіпке кіріспей отырғанын жеткізді.
"Иә, қалада қоғамдық биодәретханалардың болмауы аса өзекті мәселе екені рас. Қалалық саябақтағы кәсіпкерге жұмысын жалғастырып, қоғамдық дәретхананы ашу жөнінде хабарлама жіберілді. Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөліміне осы мәселе жөнінде ойлануға тапсырма берілді. Әлі мәслихаттың сессиясы болған жоқ. Сайлау өтіп, мәслихат депутаттары сайланған соң барып мәселе қаралмақ. Дегенмен ешбір кәсіпкер қалада биодәретхана салуға ұсыныс білдірген жоқ. Ешкім істегісі келмейді", - дейді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әбдірахманова.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!