“Қала көшелерін жарыс жолына айналдырған“. Астана тұрғыны жол ережесін 87 рет бұзған

Астанада жол ережесін 87 рет бұзған жүргізуші қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елордада жол қозғалысы ережелерін өрескел әрі жүйелі түрде бұзған жүргізуші сот алдында жауап берді. Ол бірнеше ай бойы заң талаптарын әдейі елемей, қала көшелерін жарыс жолына айналдырған.

Полиция қызметкерлері BMW көлігін басқарған 29 жастағы жүргізушіні анықтады. Ол биылғы наурыз бен маусым аралығында 87 рет әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Олардың 55-і - белгіленген жылдамдықты асыру, 32-сі - қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақпен заңсыз жүру, сондай-ақ, қарсы бағыттағы жолаққа шығу дерегі.

"Мәселен, наурызда Тұран даңғылы мен Ақмешіт көшесіндегі бейнебақылау камералары жүргізуші бірнеше рет сағатына 129-131 шақырым жылдамдықпен жүргенін тіркеген. Ал маусымда ол Ғ.Мұстафин көшесінде сағатына 126 шақырым, ал Қ.Мұхамедханов көшесінде рұқсат етілген 60 шақырымның орнына сағатына 151 шақырым жылдамдықпен жүрген", - деді полиция.

Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз