"Қала" атағы керек емес, алдымен жергілікті мәселелері шешілсе". Қазақстандағы жаңа қаланың тұрғындары не дейді?

Күні кеше Президенттің жарлығымен Жетіген ауылдық округіне қала мәртебесі берілген болатын. Бұдан былай Алатау қаласы деп аталатын өңірді оң өзгерістер күтіп тұр. Десек те бейресми 30 мыңға жуық халық тұратын елдімекенде кезек күттірмейтін мәселе көп. Қағаз жүзіндегі қаланың тыныс тіршілігімен Massaget.kz тілшісі танысып қайтты. 

Ең алғаш ауылдың атауы Көтентай деп аталыпты. Кейін Кеңестік кезеңде Николаевка деп өзгеріп, шамамен 1970 жылдан бері Жетіген деп аталып келеді. Іле ауданының орталығы ең алғаш дәл осы ауылда құралған. 3 жылға жуық аудан орталығы болған мекенде қазақ, орыс, ұйғыр, түрік, корей секілді ұлттар қоныс тепкен. Бүгінде бес бармақ бір жұдырық болып біріккен өңірде 30 мыңға жуық адам тұрады. 

Жетіген ауылының тұрғыны Құрманжан Атчы.  

"Бұл ауылда тұрып жатқаныма 55 жылдан асты. Осы жерден өсіп өнген әулетпіз. Президенттің жарлығынан кейін ауылымыз Алатау қаласы болады дегенде қатты қуандық. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік болғалы тұр. Енді бұдан кейін оң өзгерістер болады деп сенеміз. Ең алдымен ауылда аурухана жоқ. 50 жылдан бері салынбай келеді. Бір ғана жаңа мектеп бар. Қалғандарының бәрі 70-80 жылдардағы ескі мектептер. Көшелерде қоқыс жәшіктерін орнату, асфальт төсеу, жарықшамдар орнату керек", - дейді ауыл тұрғыны Құрманжан Атчы.  

Жетігеннің жері құнарлы. Мұндағы жұрт ертеден бау-бақша егумен, мал өсірумен айналысады. Қазір ауылдың төңірегіндегі шару қожалықтары жетерлік. Ауыл тұрғындары ет, сүт өндіретін өндіріс орындары ашылса деген тілегін де жасырмады. 

 

"Жетіген ауылдық округіне 4 ауыл кіреді. Алматыдан қашық орналасқанына қарамастан халықтың 70-80 пайызы қалаға қатынайды. Алатау қаласының құрылуымен көптеген мәселелер өз шешімін табады деп ойлаймын. Жаңа жұмыс орындарын ашу, ЖОО салу жоспарда бар. Жетіген ауылының өзінде 3 мектеп бар. Балаларды толық қамтамасыз етіп отырмыз. Үш ауысыммен оқып жатқан білім ошақтары жоқ. Округте негізінен ауыл шаруашылығы дамыған. Сол себепті басқа бағыттағы кәсіпорындар салынуы керек деп есептеймін", - дейді Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілев.

Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілев. 

320 мұғалім жалақысының 25 пайызынан айырылады

Ауылдың қалаға айналуының кереғар тұстары да бар. Бұл мұғалімдердің жалақысына қатысты мәселе. Жетіген ауылындағы 3 мектепте 320-дан астам ұстаз қызмет етіп жатыр. 

Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың бастамасымен ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдер қаладағы ұстаздарға қарағанда 25 пайыз артық ақы алатын. Осы заңның негізінде мұғалімдер жалақысының 4\1 - нен айырылғалы отыр. Алайда жергілікті депутаттар бұл мәселе ұстаздарға алдын ала ескертілді дейді.

Іле ауданының мәслихат төрағасы Роза Абилова

"Қала статусын алғаннан кейін мұғалімдер 25 пайыз қосымша жалақыны ала алмайды. Біз осыдан 2 ай бұрын түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әрине басында түсінбеушілік болды. Дегенмен барлығы оң шешімін тапты", - дейді Іле ауданының мәслихат төрағасы Роза Абилова. 

Қан тапсыру үшін 10 күн кезекте тұрамыз

 

Ауылдағы ең өзекті мәселе аурухана болып тұр. Бұл нысан негізінен 5000 адамға шақталған. Ал ауылда ресми тіркелген 25 мың адам тұрады. 

Аурухананың іргетасы

"Мұнда ешқандай жағдай жасалмаған. Қарапайым қан мен кіші дәрет тапсыру үшін 10 күн бұрын жазыламыз. Оған дейін орын жоқ дейді. Өте тар. Кейде система қою үшін шнурын өзіміз сатып аламыз. Дәрілердің көбісін таба алмаймыз. Таңертең келсең кешке дейін жүресің. Ауруыңды емдеу үшін айлап жүретін сәттер болады. МӘМС төлеп жатырмыз, бірақ ешқандай пайдасын көріп жатырған жоқпыз", - дейді ауыл тұрғыны Ақмарал Нукерқызы.  

Аурухананың ішкі көрінісі

"Келесі жылы мәдениет үйін салу жоспарда бар. Ал ауруханаға қатысты жеріне мемлекеттік акт бар. Жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Ол сараптамадан өткеннен кейін келесі жылғы жоспарға енгізіледі. Содан кейін спорт кешендері, ЖОО орындары салынуы керек деп ойлаймын. Барлық тұрғындар мемлекеттік мекемелерден сапалы қызмет алуы тиіс. Қала мәртебесі бұл проблемаларды тезірек шешуге мүмкіндік береді", - деді Іле ауданының мәслихат төрағасы Роза Абилова.    

Жыл сайын 100 мың теңгеге көмір аламыз

Ауылдың жаңа құрылыс аумағында, тіпті керек десеңіз орталығында көмір жағып отырған жандар бар. Жетігеннің жұрты толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген. Бұқара жыл сайын 5-7 тонна көмір жағады екен.

"Біздікі шағын үй болғанымен жыл сайын 100 мың теңгеге көмір аламыз. Тоннасын 18 мың теңгеден сатып аламыз. 7-8 тонна жағатындар да бар. Қала болғаннан кейін толық газбен қамтылса дейміз. Жол мен су мәселесі де жанға батып отыр. Жаңа құрылыс аумағына су құбырлары келді. Бірақ әлі су жіберілген жоқ. Қала болғаннан кейін осындай мәселелер шешілсе дейміз. Халыққа "қала" деген атағы керек емес қой", - дейді Жетіген ауылының тұрғыны Қазиз Мұқашев. 

Саудаға да ыңғайлы жер

Жетіген теміржол вокзалы

Темір жол бекетінен Семей, Павлодар секілді ірі қалаларға жол тартады. Кісі таситын 4-5 пойыз Жетігеннің үстімен жүріп өтеді. Мұндағы қызметкерлер теміржол вокзалына келетін бұқараның қарасы қалың дейді. Дегенмен бұл нысанның сыртқы көрінісі жарқырап тұрғанымен, ішкі көрінісі тіптен нашар. Дәретханасының ішкі көрінісін айтпағанда, адамдар отыратын орындықтың сиқы мынау. 

Шығысында Қытай, Солтүстігіміз Ресей, Оңтүстігі Өзбекстан мен Қырғызтанға шекаралас. Саудаға да өте ыңғайлы жер. Темір жол станциясы бар. Бұл қаланың өркендеуіне мол мүмкіндік беретін маңызды нысан. Сол себепті былтырдан бастап "Жетіген" көлік-логистикалық орталығы жұмысын бастаған болатын. Бұл орталық импорттық және экспорттық бағытта жұмыс жасайды. 

Жоба менеджері Елдар Түсіпаев

"Құрылыс материалдарын қабылдауға байланысты ұсыныстар түсіп жатыр. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қаматамасыз етеміз. Қазіргі таңда Жетіген терминалында 50 адам жұмыс істесе, 40 адам жергілікті халық. Алатау қаласында бұдан былай жүк ағыны көбейеді деп ойлаймын. Халыққа қажетті тауарлар мен құрылыс материалдары көбейеді. Бұрын Алматыдан әкелу керек болатын. Енді Алатау қаласы жеке тауарларды қабылдай алады. Жарты жылда 16 мыңнан астам контейнерді қабылдадық. Жұмыс болашақта көбейеді деп ойлаймын", - жоба менеджері Елдар Түсіпаев. 

Әдетте қала атауы берілген ауылдарда қымбатшылық орнап жатады. Жер учаскелері мен үйлердің бағасы өсуі мүмкін. Алайда Жетігеннің қалаға айналуы үшін үлкен жұмыс атқарылуы тиіс. Ал мұндағы базарлар тек жексенбі күні сауда қызады. 

Мұндағы базарларға инфрақұрылым жүйелері тартылмаған. Ашық контейнерді айына 20 мың теңгеге жалға алып сауда жасайды. Базардың бастығына аптасына тағы 4 мың теңге төлеуге міндетті. Саудагерлер үлкен сауда орталықтарын салса деген ниетін де жасырмады.  

Күнінде "Москва да бір күнде құрылған жоқ" деген тіркесті жиі естуші едік. Мына үйлерге қарап Жетігеннің қалаға айналуы үшін қыруар қаржы мен қажырлы еңбек керек екені көрініп ақ тұр. Қайта түлеген мекеннің қазіргі көрінісі осындай. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!