Қақпаға қысып алған: Алматыда 5 жасар баланың саусағы жұлынып түскен

Қақпаға қысып алған: Алматыда 5 жасар баланың саусағы жұлынып түскен
Фото: instagram.com/almaty_gorzdrav/

Алматыда бес жасар бала саусағын қақпаға қысып алған. Салдарынан саусағы түбінен жұлынып түскен. №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында оған аса күрделі ота жасалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ата-анасының айтуынша, бүлдіршін аулада ойнап жүріп, оң қолының бір саусағын металл қақпаға қысып алған. Салдарынан саусақ түбінен жұлынып түскен. Ата-анасы баланы дереу ауруханаға жеткізген.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, кезекші дәрігерлер, микрохирург пен бөлімше жетекшісі консилиум жасап, уақыт тығыздығына байланысты жедел түрде саусақ тіндерінің қызметін қалпына келтіру отасына кіріскен.

Микроскоппен жасалған ота төрт сағатқа созылған. Зақымданған тамырлар мен жүйке талшықтарын қалпына келтіру үшін көзге көрінбейтін жіңішке хирургиялық жіп қолданылған.

Мамандар диаметрі 1 миллиметрден аспайтын күретамырды, сіңірді, жүйке талшықтары мен тамырларды жалғап, жұлынып кеткен саусақтың қызметін қалпына келтірген. 
 
№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияровтың сөзінше, ота мамандардың кәсіби деңгейі, жедел қимылы мен стационардағы микрохирургиялық технологиялардың арқасында сәтті өткен.

Бала отадан кейін де дәрігерлердің жіті бақылауында болған. Мамандар жалғанған саусақтың жазылу процесі мен оң қолдың қалпына келу барысын мұқият қадағалап отырған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget