- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қажылыққа туристік, студенттік,...
Қажылыққа туристік, студенттік, жұмыс визасымен баруға бола ма? ҚМДБ жауабы
Биыл Қазақстаннан қажылық етуге барлығы 4 мың адам барды. Алайда кейбір адамдар исламдағы бес парызының бірін орындау үшін қажылыққа заңсыз жолмен не арнайы визасыз баруға тырысады. Бұл қаншалық дұрыс? Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Ғұламалар кеңесі мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қажылық визасы - заманның талабына сай әрі көпшіліктің мүддесі мен қажеттіліктеріне орай Сауд Арабиясы Королдігінің қойған талабы және заңы. Бұған дейін Сауд Арабия мемлекеті қажылықты ұйымдастыру үшін «Рұқсатсыз (визасыз) қажылық орындауға болмайды» деген арнайы заң қабылдап, оған қатысты ереже мен шарттарды бекіткен болатын.
Сондықтан төмендегі шарттарға байланысты қажылық визасынсыз және заңсыз жолмен қажылыққа баруға болмайды:
1. Басшыға бойсұну. Басшы шариғатта алланың харам еткен нәрсесіне бұйырмаса, оған бойсұну - міндет.
2. Мұсылмандар келісім мен шарттарды орындауы тиіс. Себебі, мұсылман адам қандай да бір елге барған кезде, сол елдің қойған талабы мен шарттарын орындауға міндетті.
3. Бұл мұсылмандардың мүддесі үшін қойылған талап. Себебі, әлем бойынша мұсылмандар қажылық жасауға есепсіз баратын болса, әл-Харам мешіті, Арафат тауы, Мина жазығы сынды қажылық рәсімін орындайтын жерге адам сыймай, соңы ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін.
4. Қауіп-қатерге бас тігу. Талапқа қарсы келіп, біле тұра қажылыққа туристік визамен барған адам, күнәһар болады әрі жергілікті биліктің қажылыққа қатысты бекіткен заңын бұзғаны үшін жауапқа тартылады. Ал заңды бұзып, жауапқа тартылған адам қажылық парыздарын орындай алмаса, мысалы, Арафат тауында тұра алмай қалса, онда қажылығы дұрыс болмайды әрі оның қазасын өтеуге міндеттеледі.
5. Біреудің ақысына кіру. Сауд Арабия мемлекеті Қажылық және ұмра министрлігі квотаға сай қажылардың тұрақтайтын орнын, ішіп-жейтін асын, жүретін көлігін әзірлейді. Рұқсатсыз барған адамдар сол бөлінген орынға орналасып, тамағын жесе, кісі ақысына кірген болып саналады.
Сонымен, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Ғұламалар кеңесінің үкіміне сәйкес:
- Қажылыққа тек қажылық визасымен және заңды жолмен бару - міндет, ал оны қолдан жасау - харам;
- Қажылық визасынсыз, туристік, студенттік, жұмыс визасымен қажылық жасау - күнә.
Айта кетейік, бұған дейін "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы "Аяқ киіммен намаз оқуға бола ма?" деген сұраққа жауап берген болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Зат алмасу неше кезеңнен тұрады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә