- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қажылыққа "рассрочкамен" бару...
Қажылыққа "рассрочкамен" бару дұрыс па?
Биыл елімізден қажылыққа 4000 адам барған. Соңғы кезде қажылыққа жолдаманы несиеге беретін туристік агенттіктер пайда болды. Сондықтан қарыз алып қажылыққа баратын қазақстандық мұсылмандардың да саны көбейген. Қажылыққа қарызға жолдама беретін туристік агенттіктер керек пе? Шариғат бойынша қарыз алып мұсылмандық парызды орындау қаншалықты дұрыс? Діни қызметкер жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Massaget.kz тілшісі отандық туристік агенттіктердің бірімен байланысып, қарызға қажылыққа бару туралы нақты ақпарат алды. Туристік агенттіктің мәліметінше, қасиетті жерге жолдаманы қарызға алуға болады. Яғни, белгілі бір банк арқылы 3 айдан 24 айға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік бар.
"Ия, бөліп төлеу қарастырылған. 3 айға, 6 айға, 12 айға бөліп төлеуге болады", - деді туристік агенттік өкілі.
Умраға қажылық етуге 7 күндік пакетті 1279 долларға бөліп төлеуге ала аласыз. Бұл сома қазақстандық теңгеге шаққанда 604 302 теңге 94 тиын болады, 12 айға бөліп төлеуге алсаңыз айына 50 104 теңгеден өтейсіз. Дәл осы пакетті 24 айға бөліп төлегіңіз келсе, онда бағасы 1 457 долларға көтеріліп, теңгеге шаққанда 684 960 теңге шығады. Айына төлейтін сома 28 540 теңге. Пакет ішіне бару-қайту билетіңіз, гид, экскурсия, қонақ үй, таңғы және кешкі ас, виза, 5 литр зәм зәм суы кіреді. Сонымен, қажылыққа барғыңыз келсе, несие алып бара беруге болады.
Бес парыздың бірін орындауға мүмкіндік көп болғанымен, шариғат бойынша қарыз немесе несие алып қажылық етуге бола ма? Бұл сұраққа дін қызметкерлері жауап берді. Олардың айтуынша, егер жол қаражаты жеткіліксіз болса, әрі қарызын өтейтін басқа кірістері болмаса, онда қажылық құлшылықтарын орындау үшін қарыз алуы дұрыс емес. Тіпті қарызы бар адамға қажылыққа бару міндеттелмейтінін ескерген жөн.
"Қаражаты жеткіліксіз адам қажылыққа бармағаны үшін күнахар болмайды. Ал қарыз алып қажылыққа бару мәселесіне келсек, Мәлики мәзһабы бойынша қарызды өтеуге көзі жетпесе, қажылықты орындау үшін қарыз алуы мәкруһ немесе харам болады. Ханафи мәзһабында қарызды алмағаны абзал. Ал қарызын өтеуге мүмкіндігі болса онда Мәлики, Шафиғи мәзһабында қарыз алуға міндетті. Ол Ханафи мәзһабында абзал саналады. Ханбали мәзһабында қажылыққа қарыз алып баруға мүмкіндігі болып тұрса да оған міндетті емес. Бірақ ол өзіне немесе өзгеге зиян келтіріп қоймайтынына көзі жетсе, қарыз алғаны мұстахаб болады.
Осыған орай, бөліп төлеу арқылы қажылықты орындауға рұқсат етіледі. Бірақ, қарызды өтейтін басқа да кіріс көздері болуы шарт", - деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.
Сонымен, ҚМДБ үкімімен өзіне және отбасына ауыртпашылық түспесе және қарызды өтеуге мүмкіндігі болса, қажылық пен ұмра қаражатын бөліп төлеу арқылы баруға рұқсат. Оған қоса, дін қызметкерлері бөліп төлеудің құнын нарықтағы бағасынан асырмай және үшінші тарап қосылмай қажылық компания тікелей қолға алғаны жөн екенін, қажылық пен ұмраға лоторея ойнату арқылы баруға болмайтынын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә