Қағбаның ішінде не бар?

Қағбаның ішінде не бар?
Фото: Reuters

Қағбаның ішінде не бар? Бұрын онда терезелер болғанын, ал ғимараты түрлі түсті болғанын білесіз бе? Massaget.kz тілшісі Қағба туралы қызық деректер жинап, ішінде не барын баяндайды. 

Қағба деген не?

Алдымен осы сұрақтан бастаған дұрыс. Қасиетті Қағба адам баласының құлшылық етуі үшін тұрғызылған ең алғашқы Алла үйі деп есептеледі. Сыртқы бейнесінің шаршы болуына байланысты Қағба деп айтылған, яғни "Қағба тіктөртбұрышты болғандықтан осылай аталған".

Қағба мұсылман баласының көзі мен жүрегі талпынып тұратын құбыласы саналады. Ол Сауд Арабиясында Мекке қаласында орналасқан. 


Фото: Reuters

Қағба қызметі - хижаба (қақпа күзеті), ал, Қағба қызметкерлері сәнәдә (қасиетті орын қызметкерлері) деп аталады. Бұл - Бәну Шәйбә әулетінің атадан балаға мұра етіп қалдыратын қызметі.

Мекке қаласы азат етілген соң, Қағба кілтін пайғамбар Осман бин Талхаға және оның ұлы Шәйбәға табыс еткен. Сол күннен осы абыройлы қызметті атқару - Бәну Шәйбә әулетінің міндеті. 

Қағбаның ішінде не бар?

Қағбаның ішінде не бары ғасырлар бойы көптеген мұсылманға жұмбақ болған. Негізі, басында қалаған адам аптасына екі рет Қағбаның ішіне кіріп, намаз оқуына болатын еді. Алайда қажылыққа барушылар саны өсуіне және басқа да факторларға байланысты, оның есігі жылына екі рет жоғары лауазымды тұлғалар мен ерекше қонақтар үшін ғана ашылады.

Қағбаға кірген қазақтар

Сондықтан бүгінде көптеген мұсылманға Қағба ішінде не бары жұмбақ. Al Arabiya мәліметінше, Қағбаның жалпы ауданы 180 шаршы метрден аспайды, оның ішінде Қағбаның төбесін тіреп тұрған үш ағаш баған бар.


Фото islam.ru сайтынан

Диаметрі 44 сантиметр болатын қоңыр түсті бағандар кішкентай ағаш іргетасқа орнатылған. Барлық бағана бір-бірімен Қағбаның оңтүстік және солтүстік қабырғаларына тірелген, алтын жалатылған арқанмен біріктірілген. Оған Қағбаға арналған сыйлықтар ілінген.

Бір қызығы, ағаштың ең берік түрлерінің бірін пайдаланудың арқасында бағаналар шамамен 1350 жыл бойы бұзылмай тұр. Оны кезінде Пайғамбардың сахабасы Абдулла ибн Зубайр салған екен. 

Қасиетті қос мешіт президиумының мәліметінше, ғибадатхананың едені мен қабырғалары ақ мәрмәрмен қапталған. Қағбаның Левант бұрышының ішінде құлыптаулы, алтын түсті төртбұрышты есік бар, оған кірсеңіз Қағбаның үстіне шығатын баспалдақ салынған. Әдетте, мешіт қызметкерлері Қағбаның жабындысын ауыстыру үшін осы баспалдақпен көтеріледі.

Бағаналар арасында, кіреберіс есікке қарама-қарсы жерде ағаштан жасалған үстел бар. Үстелдің тартпаларында шамдарға арналған май, Қағба жабындысына арналған қосалқы сымдар және басқа керек-жарақтар сақталады.

Қабырғаларда Қағбаны салуға немесе жөндеуге қатысқан билеушілердің есімдері жазылған тақтайшалар бар.

Бұрын терезелері болған

Аzan.kz порталының мәліметінше, алғашқы кезде Қағбаның кіруге және шығуға арналған екі есігі, сонымен қоса терезесі бар еді. Қазіргі Қағба терезесіз, тек бір есігі бар.

Бүгінгі таңда көріп отырған Қағба Ибрахим мен Ысмайыл пайғамбарлар салған ғимаратқа мүлдем ұқсамайды. Уақыт өте келе табиғи және техникалық апаттарға байланысты ол қайта құруды қажет еткен. Кейінгі құрылыс 1996 жылы өткізіліп, ауқымды жұмыстар атқарылды: тастары, шатыры ауыстырылып, іргетасы бекітілді.

Алтын өрнектермен әшекейленген қара түсті Қағбаға көзіміз әбден үйреніп, оны басқа түсте елестетуімізге қиын болар. Оны қара түспен жабу дәстүрі Аббасидтер кезінде келді. Оған дейін Қағба әр түрлі түстермен, соның ішінде жасыл, қызыл және ақ түсті болатын.

Е. Төлеш