24 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ислам әлемі үшін қасиетті мекен - Мекке қаласында ұмра немесе кіші қажылығын өтеді.
"Президент Қағбаның ішіне кіру мәртебесіне ие болды. Оның есігі ерекше жағдайларда және аса сыйлы қонақтарға ғана ашылады. Бұл Сауд Арабиясы басшылығының Қазақстан Президентіне көрсеткен зор құрметін білдіреді", - делінген хабарламада.
Massaget.kz тілшісі Қағбаға кірген қазақтар туралы топтама дайындады.
Қағба деген не?
Muslim.kz сайтындағы анықтамаға сүйенсек, қасиетті Қағба - адам баласының құлшылық етуі үшін тұрғызылған ең алғашқы Алла үйі. Оның Қағба аталуы сыртқы бейнесінің шаршы болуымен түсіндіріледі, яғни "Қағба тік төртбұрышты болғандықтан осылай аталған". Қағба - мұсылман баласының көзі мен жүрегі талпынып тұратын құбыласы.
Қағба қызметі - хижаба (қақпа күзеті), ал, Қағба қызметкерлері сәнәдә (қасиетті орын қызметкерлері) деп аталады. Бұл - Бәну Шәйбә әулетінің атадан балаға мұра етіп қалдыратын қызметі.
Мекке қаласы азат (фатх) етілген соң, Қағба кілтін пайғамбар (с.ғ.с.) Осман бин Талха мен оның ұлы Шәйбәға табыс еткен. Сол күннен осы абыройлы қызметті атқару - Бәну Шәйбә әулетінің міндеті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстаннан алғаш болып Қағбаға кірген
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Сауд Арабиясындағы Эр-Риядқа сапары барысында кіші қажылық өтеп, Қағбаға кірген. Сол сәттің видеосын 2016 жылы Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған еді. Ол кезде Назарбаев Сауд Арабиясына сапарға барғалы жатқан.
"Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына алдағы сапарына байланысты назарларыңызға 2012 жылы түсірілген "Большая политика без галстука" деректі фильмінен үзінді ұсынамыз. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Эр-Риядқа жасаған алғашқы сапарының, оның ішінде мұсылмандарға киелі Қағбаға барған сәттері айтылады", - делінген хабарламада.
Кейін 2019 жылы желтоқсанда Елбасының баспасөз қызметі Instagram-парақшасында Қағбаға кіргенде қандай тілек айтқанын жазған еді.
"Меккеде Алланың үйі Қағбаның ішіне кіріп тұрғанда ең бірінші тілеген тілегім - халқыма жақсылық. Осы қиын-қыстаудан елімді аман-есен алып шығып, жақсы өмірге жетуге бізді қолдай көр дегенмін", - деп жазылған еді сол кезде.
Назарбаевтан басқа тағы кімдер Қағбаға кірген?
Назарбаев Қағбаға кірген алғашқы қазақстандық болған. "Нұр-Қазақстан" қажылық компаниясының басшысы Амангелді Еренғайып сұхбаттарының бірінде Назарбаевтан кейін Қағбаға кезінде еліміздің бас мүфтиі болған Әбсаттар қажы Дербісәлі кірген. Ол 2000-2013 жылдар арасында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы болған. Оған дейін Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарған. Әбсаттар қажы былтыр шілдеде қайтыс болған еді.
Әбсаттар қажы Дербісәлі. Фото: anatili.kazgazeta.kz
Қасиетті Қағбаға кіргендер қазақстандық шенеуніктер қатарында Бағдат Әміреев те бар. Әміреев Қазақстанның Сауд Арабиясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінде болған кезде Қағбаға кірген. Ол бұл елде елші қызметін 1996-2002 жылдар аралығында атқарған.
Әміреевтен кейін Қазақстанның Сауд Арабиясындағы төтенше және өкілетті елшісі болған Асқар Мусинов те Қағбаға кіріп, мінәжат еткен екен.
"Нұр-Қазақстан" қажылық компаниясы басшысының мәліметінше, Қайрат Лама Шариф те Қағбада болған. Ол Сауд Арабиясында 2006-2011 жылдар арасында төтенше және өкілетті елші қызметін атқарған. Одан бөлек, Лама Шариф Қазақстан дін істері агенттігінің төрағасы болыпты.
Фото islamnews.ru сайтынан
Қажылық компаниялардың басшылары арасында алғаш болып "Нұр-Қазақстан" президенті Амангелді Еренғайыпұлы Қағбаға кірген екен. Одан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен қажылар бара бастаған. Еренғайыпұлымен бірге Сәбит Сұлтанов, Иманғали Құрбанов Қағбаға кірген.
Кейін Арқалықтан Мираш Тәшетов, Атбасардан Қуанышбек Байзақов 2010 жылы Қағбаға кіріп, мінәжат еткен екен.