Моңғолияның Алтай тауларында мал бағып жүрген адам ежелгі моланың орнын тапты. Содан кейін ол дереу мамандарға хабар берген. Қазір ежелгі жәдігерлермен танысу үшін арнайы мамандар аталған жерге барып, зерттеу жұмыстарын бастады.
Ховд мұражайының қызметкері Б.Сүхбаатардың айтуынша, бұл – Моңғолия жеріндегі, мүмкін Орталық Азиядағы сол күйінде сақталған қабірдің бірі.
Археологтардың болжамы бойынша, зират Алтай жерінде 1500 жыл бұрын өмір сүрген түркітілдес тайпалардың біріне тиесілі. Мәйіттің жанынан жылқының сүйегі, жүген, саздан жасалған ыдыс, шөміш табылған. Бұл заттар – көшпелі халықтың тұрмысына қажет дүниелер. Осыған қарап, ғалымдар оның әйел адам екені жөнінде болжам жасады.
– Біздің пайымдауымызша, мола әйел адамға тиесілі. Себебі, зерттеу жұмыстары кезінде ер адамға қатысты зат таппадық. Әдетте, олар жауынгер ретінде қару-жарақтарымен бірге жерленетін, – деді Б.Сүхбаатар.
Зират жерден 2803 метр биіктікте, тау шатқалында орналасқан. Осыған байланысты бұл орынға ешкім батып кіре алмаған. Тарихи заттардың бүлінбей, әрі дененің мумияға айналуына аймақтағы климаттың салқындығы әсер еткен.
Автор: Аян Әбдуәли
Дереккөз: Егемен Қазақстан