Имам Нұрлан Байжігітұлы Talim TV телеарнасына берген сұхбатында Қадір түніне қатысты сұрақтардың жауабын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Қадір түні таңға дейін ұйықтамай, ғибадат еткен жөн.
"Алла тағала басталуын емес, таңды айтып отыр ғой. Таңға дейін жалғасады. Демек, түнгі 2-3-тен былай қарай ояу болған жақсырақ шығар. Өйткені ең тәтті уақытында ұйықтап қаламыз. Өзі "ерте тұрған еркектің ырысы артық". Нәсіп, береке, періштелердің келіп-кетуі барлық нәрсе таңсәріде болады. Сондықтан таңда ояу болу керек. Сол үшін бір мезгіл, сағат 2-3-ке дейін ұйықтап алып, әрі қарай ояу болса, сосын әрі қарай сәресі ғой, оған дейін, кейін ғибадатта болса, жақсы шығар", - деді Нұрлан имам.
Ол сонымен бірге "Қадір түні терезін ашып қойса не болады" деген сұраққа жауап берді.
"Кейбір адамдар, терезелерін, есіктерін ашып, Аяз ата күткендей күту қателік болады. Қайбір жылы, жаңылмасам, Шығыс Қазақстанда, аспанда зымыран ұшты ма, әйтеуір бұлттар қозғалады. Соны елдің бәрі түсіріп, "Міне, Қыдыр атаның жол ізі" деп, шанасымен келген Аяз ата сияқты келді, кірді деген сияқты пікір қалыптасты. Адамдар құлшылық қылмай, сондай хабар күтумен-ақ болады. Осы нәрсе дұрыс емес. Осыны қою керек. Бұл - тек ғибадаттың уақыты, - деді Нұрлан Имам.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!