Ақтөбеде алкогольді ішімдік ішкен ерлі-зайыптылар дауласып, күйеуі әйелін ұрып тастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Диапозон сайтына сілтеме жасап.
Ұрыс кезінде ер адам әйелдің бетінен бір рет, денесінен бірнеше рет ұрған. Нәтижесінде әйел ауруханаға жатқызылды. Ал сараптама қорытындысы бойынша әйелдің денсаулығына ауыр зиян келген. Сондай-ақ үш қабырғасы сынып, оң жақ өкпесі зақымдалған.
"Абьюзер денсаулыққа ауыр зиян келтірді деп айыпталып, сотқа тартылды. Ол әйелінің бетінен алақанмен бір рет және денесінен екі рет ұрғанын айтқан. Сөзінше, ұрған соң кешірім сұрап, ұйықтап қалған. Таңертең әйелінің денесі ауырып тұрған соң жедел жәрдем шақыруды ұсыныпты, бірақ әйел бас тартқан. Кейін жұмыс орнында болғанда әйелінің ауруханаға жатқызылғанын білген", – делінген хабарламада.
Ер адам әйеліне зиян келтіруді ойламағанын айтқан. Оның үстіне жәбірленуші де соттан күйеуін жауапқа тартпауды сұрапты. Дегенмен сот 54 жастағы ер адамды кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!