- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қабырғасы сөгіліп тұр":...
"Қабырғасы сөгіліп тұр": ШҚО-дағы мектептердің бірі 70 жылға жуық жөндеу көрмеген
Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауылында бастауыш сынып мектебінің кетеуі кетіп, балалар жаңа оқу жылын басқа білім ордасында жалғастыруға мәжбүр болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл нысан 182 оқушыға шақталса да, қазір саны 76-ға дейін азайыпты. Балалар бүгінде Самар №1 орта мектебінде уақытша оқып жатыр.
"Бастауыш мектеп оқуға жарамсыз деп танылды. Одан бөлек, санитарлық талап сақталмаған. Кейде бір сыныпта 18 бала отырады, яғни кабинет ішіндегі кеңістік тарыла түседі. Медицина жағынан кемшін тұсы бар. Нақты айтсақ, мектепте жалғыз ғана процедуралық кабинеттің болуы оқушылардың толыққанды қаралуына мүмкіндік бермейді", - деді мектеп директоры Айжан Нұриева.
Ата-аналар жаңа мектептің салынуын қалайды.
"Бұл бастауыш сынып. Қаржы бөлініп, орта мектеп бой көтерсе, тіптен жақсы болар еді. Оқушылар саны да артып келеді", - деді самарлықтар.
Мектеп ұжымындағылар он жыл бұрын шатыры жөнделгенін айтты. Одан өзге ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс қолға алынбаған.
"Былтыр күн суып, аяз түскенде қатты тоңдық. Аз болса да жылу сақталсын деп терезелерді целлофанмен жаптық. Көмектескені шамалы. Есіктер нормаға сай емес, жел үрлейді", - деді мектеп директоры.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Руслана Закирьянованың сөзінше, тексеріс актісінен соң нысан апатты деп танылмады.
"50-85% аралығында жөндеуді қажет етеді. Шатырдың астындағы ағаштар (балка) шіріп кеткен, төбесі майысып тұр. Күрделі жөндеу бола ма, жаңасын сала ма - комиссия шешеді", - деді бөлім басшысы.
Мұндағы қызметкерлер бастауыш мектеп іргетасының сөгіліп кеткен тұсын көрсетті. Тіпті сызғыш салып өлшеп еді, біршама ары еніп кетті.
Облыс әкімі Ермек Көшербаевтің сөзінше, мәселенің оң шешімі бар.
"Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі тиіс. Сол арқылы қаржы бөліп, жақсылап жөндеп беру керек. Барынша тездеткен жөн", - деді өңір әкімі.
Мәселеден облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен Білім басқармасы да хабардар. Облыс әкімі алдағы уақытта ата-аналармен жүздесіп, ойларын тыңдаған жөн деді.
Асыл Бигелді
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Қ. Әбілдәқызы