Әлеуметтік желіде Шымкенттегі мамандандырылған ХҚКО-да болған оқиғаның видеосы тарап кетті. Онда жүргізуші куәлігін алу мақсатында тест тапсырып отырған тұрғынға бөгде адам бөлме сыртында тұрып көмектескен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Емтихан тапсырушыға қабырғаны тақылдату арқылы белгі берген адамның әрекеті бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
Оқиға 31 қазанда болған. Мамандар бұл жайт көлік жүргізу ережелерінің жаңа жүйесі арқылы анықталып отырғанын айтты. Видеода үміткерге емтихан тапсыруға түрту арқылы көмектескені естіліп, оның терезеге жиі бұрылғаны көрсетілген. Бұл азамат емтиханнан өтпеген.
"Клиент тест тапсыру кезінде күдік туғызды. Осыған байланысты біз тексеру жүргізіп, оны өткізбей және 3 айға дейін тапсыруға тыйым салдық. Қазіргі таңда бізде "ПДД-3.0" деген жаңа жүйе іске қосылды. Ол жерде видео және аудиожазба жүргізіледі. Біздің қауіпсіздік қызмет тексеру жүргізіп жатыр", - деді №2 мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысының орынбасары Руслан Қозғамбаев.
Ал сыртта "көмек" берген адам туралы және видеоны әлеуметтік желіге таратқандар жөнінде ХҚКО қауіпсіздік қызметі мамандары тексеру жүргізіп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз