- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қабырғаны қайыстырған қазалар:...
Қабырғаны қайыстырған қазалар: 2022 жылы кімдерден айырылып қалдық?
Еліміздің дамуына үлес қосып, аянбай еңбек еткен танымал тұлғаның көбі биыл дүниеден өтті. Мәңгілік сапарға аттанғандардың арасында қазақтың атын бүкіл әлемге танытқан белгілі ақын-жазушылар, актерлер, ғалымдар мен спортшылар бар.
Massaget.kz редакциясы 2022 жылы дүниеден өткен танымал тұлғалар есімдерін еске салады.
Әбдіжәміл Нұрпейісов
Биыл 5 ақпанда танымал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 97 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов естірткен.
"Классик жазушы, ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері, даңқты Әбдіжәміл ақсақал Нұрпейісов қайтыс болыпты. Иман байлығын берсін. Адамзаттың басынан өткен небір сұрапыл дәуірлерді тәнімен де, жанымен де сезінген Алып Жүрек ғасырға жақындап барып тоқтапты. Көрмеген көшесінен жарылқасын"- деп жазған Жанарбек Әшімжан Facebook-те.
Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер" трилогиясы, "Сең", "Соңғы парыз" және басқа да романдардың авторы. Ол - КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Жазушы "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет белгісі", Қазақстан мемлекетінің "Отан" ордендерімен марапатталған.
Әбдіжәміл Нұрпейісов
Батыр Қазыбаев
Биыл наурызда Tengrinews.kz негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаев ұзаққа созылған дерттен қайтыс болды. Ол небәрі 53 жаста еді.
Батыр Қазыбаев 10 жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін медиахолдингті, Ретро FM Қазақстан, Жұлдыз FM радиостанциясы, СТВ телеарнасын басқарды және "Жетінші арнаның" негізін қалады.
Батыр Қазыбаев
Виктор Зайберт
Биыл 20 сәуірде есімі Қазақстан тарихында мәңгілік қалған, әлемге әйгілі көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы Виктор Федорович Зайберт 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Виктор Федоровичтің қажырлы ізденістерінің арқасында бүкіл әлем Ботай мәдениеті туралы білді. Ғалым жылқының қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеп, көпжылдық еңбегі арқылы артына құнды ғылыми мұраларын қалдырды.
Виктор Зайберт
Сағат Жылгелдиев
15 мамырда танымал актер Сағат Жылгелдиев 69 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Сағат Ермағамбетұлы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітірген. 1977 жылдан Қазақ балалар мен жастар театры сахнасында өнер көрсетеді. Ол Ақын (И. Сапарбаевтың "Ауылдан келген аруында"), Байжан (И. Ғайыптың "Алтын ажал"), Абдолла (С.Балғабаевтың "Ең әдемі келіншек"), Қожа Ахмет Иасауи (О. Дастановтың "Әзірет Сұлтан"), Шеге, Байдалы би, Сердәлі (Ғ. Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Ұлпан", "Ақан сері - Ақтоқты") рольдері арқылы танымал болды. Сондай-ақ, актер "Келінжан" сериалында да ойнады.
Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері.
Сағат Жылгелдиев
Яков Мауль
Биыл шілдеде профессор, ғалым, педагог Яков Мауль өмірден өтті.
Ол Астана медицина университетінде Адам анатомиясы кафедрасында қызмет етіп, өмірінің 40 жылын ғылыми және педагогикалық қызметке арнаған.
Яков Мауль
Роза Әшірбекова
2 тамызда Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Әшірбекова 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Роза Әшірбекованың 60 жылдан аса шығармашылық жолы Ғәбит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Алғаш рет "Қарагөз қарындасым" спектакліндегі Анна бейнесі арқылы театр өнеріне батыл қадам жасаған. Театр сахнасында актриса Ләззат (Т.Ахтановтың "Махаббат мұңында"), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматовтың "Арманым Әселімі" мен "Бетпе-бетінде"), Шафақ (М.Кәрімнің "Ай тұтылған түнінде"), Гертруда (У.Шекспирдің "Гамлетінде"), Гиацинта (Мольердің "Скапеннің айласында"), Аркадина (А.Чеховтың "Шағаласында"), Клеопатра Львовна (А.Островскийдің "Адам аласы ішіндесінде") рольдерін ойнаған.
Роза Әшірбекова
Тамара Қосыбаева
Биыл тамызда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, театр және кино актрисасы Тамара Өкіметқызы Қосыбаева 95 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театр өкілдері хабарлады.
Актриса "Шок пен Шер", "Ойлануға кеткен ай", "Айдай сұлу Айсұлу", "Жамбыл", "Жерұйық" фильмдеріндегі рольдерімен танымал болды.
Тамара Қосыбаева
Сұлтан Әбенов
20 қазанда қазақ футболының ардагері Сұлтан Әбенов 71 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Сұлтан Мұрашұлы қызылордалық "Автомобилист" команданың қатарында КСРО чемпионатында 100-ден аса ойын өткізіп, 33 гол соқты. Сонымен қатар, алматылық "Қайраттың" сапында ойнаған.
Ойын мансабын аяқтаған соң "Қайрат" командасын басқарды. Кейін ол партия мен дипломатия қызметіне ауысып, әр жылдары ҚР премьер-министрінің кеңесшісі, Парламент Мәжіліс аппараты жетекшісінің орынбасары, ҚР Президент әкімшілігінде қызмет атқарды.
Сұлтан Әбенов
Қайрат Беркінбаев
Биыл 6 қарашада ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті, танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының жары Қайрат Беркінбаев 57 жасында қайтыс болды.
Ол "Эйр Қазақстан" ЖАҚ жанар-жағармай қызметінің бастығы, "Казнефтехим" ЖШС бас директорының орынбасары, "Қазмұнай" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған.
Қайрат Беркінбаев
Серік Пірәлиев
Педагагика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ғылым академиясыны академигі, мемлекет және қоғам кайраткері Серік Жайлауұлы Пірәлиев 5 қарашада 70 жасында дүниеден озды.
Ол Алматы аймағы жоғары оқу орындары ректорлар кеңесінің төрағасы, ҚР Білім және ғылым министрлігінде басшылық қызметте болып, талантты шәкірттер баулыған ұлағатты ұстаз. Серік Жайлауұлы отандық ғылымның қарқынды дамуына айрықша үлес қосты.
Серік Пірәлиев
Көпен Әмірбек
Биыл 9 қарашада танымал журналист, сықақшы Көпен Әмірбек ауыр дертке шалдығып, 73 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Сейітман Facebook-те жазды.
Ол саяси сатиралық "Ара-Шмель" журналында бас редактор, "Қазақ әдебиеті" газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, "Егемен Қазақстан" газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақ радиосында бас редактор болып қызмет етті.
Көпен Әмірбек "Қымызхана", "Тамаша" ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ, өзі құрған "Көпен келе жатыр!..." атты сатиралық театрымен көрерменге кең танылған. Оның "Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Ауызбастырық", "Мың бір мысал", "Неменеңе жетісіп күлесің?", "Өзіңді танисың ба?", "Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін" атты әзіл-сықақ, пародия кітаптары бар.
Көпен Әмірбек
Асқар Забикулин
16 қарашада елордалық өртсөндірушілер Астанада өртеніп жатқан пәтерден бес адамды аман алып қалды. Соның бірі - Асқар Забикулин. Кейін адамдарды құтқарған өртсөндірушілердің аяқ-қолдары мен бетін күйік шалғаны анықталды. Денесінің 80 пайызын күйік шалған Асқар Забикулин көп ұзамай ауруханада жан тапсырды. Ол небәрі 28 жаста еді.
Асқар Забикулин - азаматтық қорғау капитаны. Еңбек жолын "Қараөткел" ПЧ-9 өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы болып бастаған. Былтыр Астана Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі кезекшісінің көмекшісі қызметіне тағайындалды.
Астанадағы көшелердің біріне өртсөндіруші Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады. Кейін өртсөндірушінің жарына білім гранты бөлінді.
Асқар Забикулин
Роза Шәмкенова
Павлодар ауданының Құрметті азаматы Роза Шәмкенова 68 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Роза Шәмкенқызы 1984 жылдан бастап Павлодар ауданының мемлекеттік органдарында жұмыс істеген. 2012 жылы Роза Шәмкеноваға "Павлодар ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді.
Роза Шәмкенова облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Павлодар қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарды. Көпжылғы адал еңбегі үшін Роза Шәмкенова "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл" және "Спорт саласының құрметті қайраткері" белгісімен марапатталды.
Роза Шәмкенова
Бәшен Баймұратқызы
Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың жары Бәшен Баймұратқызы 97 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды жазушының қызы Самал Соқпақбаева Facebook-парақшасында жеткізді.
Бәшен Баймұратқызы - ҚР еңбек сіңірген ұстазы, педагогика ғылымдарының кандидаты. Ол тұңғыш қазақ балабақшасын ашуға белсене кірісіп, үлкен үлес қосқан зиялылардың бірі.
Бәшен Баймұратқызы
Әлжан Жармұхамедов
Биыл 3 желтоқсанда қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері, баскетболдан КСРО ұлттық құрамасының мүшесі Әлжан Жармұхамедов өмірден озды. Аты аңызға айналған "Түркістан жыланы" небәрі 78 жаста еді. Бұл туралы ЦСКА баскетбол клубының ресми сайтында жарияланды.
Әлжан Мүсірбекұлы - қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол - тоғыз дүркін КСРО чемпионы (1970-1978 жылдары, 1980 жылы), КСРО құрамасының сапында үш мәрте Еуропа чемпионы (1967, 1971, 1979 жылдары), ал 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанды.
Әлжан Жармұхамедов
Қонысбай Әбіл
Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер, сатирик, композитор, журналист Қонысбай Әбіл 68 жасында дүниеден озды. Бұл туралы ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет Facebook-парақшасында бөлісті.
Қонысбай Әбіл көп жыл бойы Торғай облысында облыстық "Торғай таңы" газеті редакторының орынбасары, қалалық "Арқалық таңы" газетінің редакторы, Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы қызметтерін атқарды.
Қонысбай Әбіл
Гүл Зарқұмар
Гүл Зарқұмар деген есіммен танылған ақын Бақытгүл Баймолдақызы 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Гүл Зарқұмар Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Ол - Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының, Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдегері, Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы оның Жалын баспасынан Жүректегі жүзік атты кітабы жарық көрді.
Гүл Зарқұмар
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек