- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұрлық
Қабырғаны бұзып, миллиардтарды ұрлаған: Павлодардағы банктегі ұрлықтың егжей-тегжейі
Павлодарда бейтаныс біреулер Halyk Bank филиалының қабырғасын бұзып, ондағы бағалы заттарды ұрлап кеткен. Ішкі істер министрлігі бұған қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігі 2024 жылғы қарашада банк бөлімшесінде болған ұрлықтың жай-жапсарын хабарлады. Келтірілген шығын миллиард теңгеден асады. Алтын бұйымдар мен ақша ұрланған.
Ресми мәлімет бойынша істі Павлодар облысы бойынша департаменті қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр.
"Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы (Аса ірі көлемде жасалған ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта жасалған қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Halyk Bank баспасөз қызметі банк тергеумен белсенді түрде көмектесіп жатқанын және өз клиенттерімен тікелей байланыста екенін хабарлаған.
"Осы жағдайда банк қызметкерлері тиісті хаттамаларға сәйкес барлық қажетті ішкі шараны жүргізіп жатыр", - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде 11 қарашада банк бөлімшесіне зақым келгені туралы ақпарат тарады. Сол күні полицейлер Halyk Bank бөлімшесіне бейтаныс біреулер қабырғаны бұзып кіріп кеткенін хабарлады.
Айта кетейік, банк бөлімшесі Естай көшесі, 40 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, олар ұрлық болған түні күдіктілердің дыбысын естімеген, шу болмаған.
Бұл оқиғадан кейін екі айға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін күдіктілер ұсталған жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан