- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қабырғалар жарылып тұр"....
"Қабырғалар жарылып тұр". Ақтөбе облысы тұрғындары су тасқынынан кейінгі жағдайды айтты
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылы тұрғындары тасқыннан кейінгі жағдай қандай екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір ауылда тасқын судың беті қайтып, қауіп сейілген. Алайда үйлерін су басқан тұрғындардың уайымы көп. Ауыл тұрғыны Қалан Әбілова тасқыннан кейін үйіне бүгін келіпті. Алғашқы күні үйге жақындау мүмкін болмапты. Себебі су тізеден асып кеткен.
"Бүгін үйге келіп суды сыртқа төгіп, су басқан төсеніштер мен заттарды сыртқа шығарып жатырмыз. Кепсін деп терезені ашып қойдық. Баламның құрдастары көмектесіп жатыр. Үй сабан кірпіштен салынған. Су іргетастан асып кеткесін қабырғалар жарылып тұр. Ал іргетасы жоқ қабырғалар құлап жатыр. Үйіміз енді апатты жағдайда тұр. Аудан әкімдігінен адамдар келіп үйді көріп кетті. Көмек беретін шығар", - дейді тұрғын.
Ауылға су кіре бастағанда тұрғындар қауіпсіз жерге, яғни мектепке орналастырылған. Қаланның қайын інісінің де үйін де су басқан. Қазір екі отбасы мектепті паналап отыр. Ол жерде ыстық тамақ, жатын орындармен қамтамасыз етіліпті. Ауыл тұрғындары да қиын кезде қол ұшын созып, ас әзірлеп әкеліп жатыр. Тасқын кезінде ауыл тұрғыны Мұхамбетжан Тағановтың үйіне су бірінші кірген.
"Су тобықтан асып кетті. Электр жарығы мен газды өшіріп, отбасымды алып сыртқа шығып үлгердім. Тоңазытқыш, кілем секілді дүние-мүліктің барлығы сол күйінде қалды. Ешқандай көмек болған жоқ. Өзім адам шақырып мотормен судың бәрін сыртқа айдадым. Кеше әрең дегенде тазартып болдым. Қабырғалардың бәрі түгел жарылып, құлайын деп тұр. Ауыл әкімі, төтенше жағдай бөлімінен адамдар келіп бәрін суретке түсірді. Қазір газ жоқ, үйдің ішін кептіру де қиынға соғып тұр. Есік-терезенің бәрін ашып қойдық. Су басқан заттардың бәрін сыртқа шығарып жатырмыз", - дейді тұрғын.
Мұхамбетжан Тағанов қазір отбасымен туыс ағасының үйінде тұрып жатыр. Ал өзінің үйіне кіруге әлі ерте. Ал сабан кірпіштен салынған үй құлап қалса, жағдай тіпті қиын болмақ.
Үйіне су кірген тұрғынның бірі - Ербол Шауменов. Тасқын су жазғы сарайды құлатып, үйінің дәлізіне дейін кірген. Ербол алты баласы мен әйелін алып мектепке орналасқан. Кеше үйіне келіпті.
"Су үйдің дәлізіне кірді. Үйдің іші салқын, тоқ пеш қосып қойдық. Кеше кішкентай балам қызулап қалды. Дәліздің қабырғалары жарылып тұр, құлап балаларымның үстіне түсе ме деген қорқыныш бар", - дейді Ербол.
Ербол бұл үйді мемлекеттен жалға алып отырғанын айтады. Жалға алу құнын уақытында төлейді.
Бұл мәселе бойынша Шығанақ Берсиев ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Шауменовке хабарластық.
"Қауіптің алдын алу үшін ел болып жұмылып жұмыс жүргіздік. Бірақ тілсіз жау әл бермеді. Ойыл өзені арнасынан тасып, қолдан салынған бөгетті бұзып кетті. Ауылдың шетіндегі үш көшені су басты. 10 үйге су кірді, 25 үйдің ауласын суға толды. Қазір судың беті қайтты, деңгейі 60 сантиметрге дейін түсті. Қауіптің беті сейілді", - деді округ әкімі.
Бүгін аудан әкімі шешімімен Қаратал ауылында төтенше жағдай жарияланған. Аудан әкімдігінен комиссия келіп, келген шығынды анықтайды.
"Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, әрине, көмек болады. Комиссия қанша шығын келгенін анықтап, шешім шығарады. Тұрмыстық техника, төсеніш бәрін есептейді. Содан кейін ғана белгілі болады. Қазір мектепте үш отбасы қалды. Ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр. Олар да ағайындарымыздың үйіне барамыз деп отыр. Баратын жері жоқтарға ауылда бос тұрған үйлерді қарастырып жатырмыз", - деді округ әкімі.
Қаратал мен Ойылдың арасындағы тасжолды су шайып кеткен. Бұл жолмен жүру мүмкін емес. Қазір аудан орталығына трактор, "Уаз" секілді үлкен көліктер ғана Барқын құмының бойын жағалап қатынап жатыр. Сондай-ақ, газ құбыры жарылуына байланысты көгілдір отын беру тоқтатылған. Округ әкімінің айтуынша, құбыр қалпына келтірілген бойда газ беріледі.
Айта кетейік, кейінгі жұмада Ойыл өзені арнасынан тасып, Қаратал ауылы суға кеткен болатын.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы