Алматы облысындағы ауылдардың бірінде 14 жастағы мектеп оқушысы 53 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімінің үстінен шағымданған. Қыздың айтуынша, мұғалім қызды жұмыс кабинетіне кіргізіп тиіскен. Алайда полицияға берген арыздан кейін ер адам ұсталған жоқ, оның орнына тергеушілер қыздан түнгі 3-ке дейін жауап алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға туралы ақпарат "Не молчи" қорының Instagram-парақшасында пайда болды. Tengrinews.kz тілшісі зардап шеккен қыздың әкесіне хабарласты.
Ер адамның айтуынша, оқиға 2023 жылғы 3 сәуірде Алматы облысындағы ауыл мектептерінің бірінде волейбол сабағының алдында болған.
"2 мамырда маған бұрынғы әйелім телефон шалып, үлкен қызымызға дене шынықтыру пәнінің мұғалімі тиіскенін айтты. Мен мектепке келгенде онда полиция қызметкерлері, мектеп директоры, қызым, анасы болды. 3 сәуірде волейбол сабағында мұғалім оны кабинетке шақырған, қасында бір қыз болған, олар бірге келген, бірақ мұғалім екінші қызды жаттығу залына қайтарып жіберген, қызыммен жалғыз сөйлескісі келетінін айтқан.
Ол оны кабинетке кіргізіп, есікті, перделерді жауып: "Сені неге жібергім келмейтінін білесің бе? Неге екенін өзім де білмеймін" деп айта бастаған. Денесін ұстай бастаған, бұл сағат 18:00 шамасында болды, ал волейбол сабағы 19:00-де басталды. Қызым өте тыныш және сабырлы. Ол қызымнан оны сүйіп, денесін ұстауға рұқсат сұраған. Қызым жоқ деген. Бірақ ол бұл әрекеттерін жалғастырған. Құдайға шүкір, ештеңе болған жоқ, әлгі қыз жүгіріп келіп, дәлізде атын айғайлап, іздей бастаған. Мұғалім "Сені іздеп жатыр, шық" деген. Кейін есікті ашып, шығарып жіберген", - дейді оқушының әкесі.
Оқиғадан кейін қыздың волейбол сабағына баруға батылы жетпеген. Үш сабақты жіберген соң анасы оның себебін біле бастаған, қыз көзіне жас алып, болған жайды айтып берген.
Қыздың әкесінің айтуынша, мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі тағылған айыптың барлығын жоққа шығарған.
"Ол үнсіз тұрып тыңдады. Кешке бізді полицияға алып кетті. Сағат 20:30-да тергеу басталды, олар таңғы үшке дейін қызымды жауапқа тартты. Мен дәлізде болдым, қасында анасы, мектеп директоры және қыз болды. Мұғалім болмады, үйіне кетіп қалған сияқты. 124-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ іс мүлде алға жылжымады", - деп ашуланды оқушы қыздың әкесі.
Ер адам қыз зорланбағанын айтқанына қарамастан, полицейлер оның пәктігін тексеру үшін тексерістен өтуге мәжбүрлегенін айтты.
"Мектепте бейнекамера бар, бұл видеоларды полиция алған жоқ, мен өзім жүктеп алдым. Видеода олар кабинетке кіреді, сыртынан оның перделерді қалай жапқаны камераға түсіп қалған. Сосын әлгі қыз жүгіріп келеді. Видеода кабинеттен алдымен қызым, кейін мұғалім шығады. Бәрі менің қызым айтқандай болды. Бірақ мұғалім бәрін жоққа шығарып жатыр. Ал тергеуші тыңдағысы келмейді", - деді ол.
Сонымен қатар, қыз Алматыда психологтардың бірқатар тексеруінен өтті. Олар оның өтірік айтпағанын растады.
Ер адам тергеу барысында мұғалімге ешқандай жаза қолданылмағанына ашулы.
"Қалай сабақ беріп жүрді, солай беріп жүр, сабақтан шеттетілген жоқ. Тергеу кезінде оны ұстау керек еді. Бізді әйеліммен бірге әкімдікке шақырды, ауыл әкімі, туыстары, мұғалімдері бар. Мен одан "Неге оны кабинетке кіргіздіңіз, не үшін" деп сұрадым. Ол маған қарап, "Білмеймін" дейді. Ол 53 жаста, қызым қазір сабаққа бармайды, қорқады, үйден шықпайды", - деп шағымданды ер адам.
Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі өкілдері 2023 жылғы 2 мамырда мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қыздың ата-анасы телефон шалып, волейбол сабағында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыға тиіскенін хабарлады.
"Осы дерек бойынша учаскелік полиция қызметкері шақырылды. Полицияға хабарласу туралы шешім қабылданды. 2023 жылғы 3 мамырда полицияға қылмыстық құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Сол күні мектеп әкімшілігі дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне сөгіс жариялау туралы шешім қабылдады. 2023 жылғы 16 мамырда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мектеп әкімшілігіне ауруханада жатқанын ескертіп, жұмысқа шықпаған", - деді ведомство өкілдері.
Содан бері және осы уақытқа дейін мұғалім еңбек демалысында болды.
Ведомство өкілі бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтты. Оқушыға психологиялық көмек көрсетіледі.
Балалар омбудсмені Аружан Саин болған жайттан хабардар екенін, бірақ тергеу барысында істің мән-жайын аша алмайтынын, бірақ істі бақылауда ұстайтынын айтты.
Алматы облысының полиция департаменті мен Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 124-бабының 2-бөлігі "Жас балаға қатысты ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаған дәл сол іс-әрекет" бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!