"Қабат-қабат киіндіруге мәжбүрміз". Ақтауда ата-аналар балабақшада жылу жоқ деп дабыл қақты

"Қабат-қабат киіндіруге мәжбүрміз". Ақтауда ата-аналар балабақшада жылу жоқ деп дабыл қақты
Фото: elements.envato.com

Ақтаудағы 12 шағынаудандағы №36 балабақшаның ата-аналары бақша суық екенін айтты. Ал балабақша әкімшілігі бөлмедегі температура санитариялық ережеге сәйкес екенін (18-22 градус) айтып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бұл туралы балабақша ата-аналары басылымға арызданып, хабарлаған. Олардың сөзінше, ата-аналар баласын қабат-қабат киіндіруге мәжбүр. 

"Балабақшада екі айдан бері жылу жоқ. №40 тұрғын үйдің тұрғындары жылыту үшін мықты сорғы орнатқан, сол үшін балабақшаға жылу жетпейді, барлық жылу сол жаққа кетеді. Одан бөлек, директордың сөзінше, олар бөлмелерге жылу жетуі үшін көтергіштерді ауыстырған. Балаларды қабат-қабат киіндіруге мәжбүрміз. Балабақшаға жылу кондиционер мен жылытқыш құралдар арқылы беріледі, ал ол барлық топқа жетпейді. Балабақша басшылығы сорғы сатып алумен ғана айналысып жатыр. Бірақ ол мәселені шеше ме? Тез арада әрекет ету керек, себебі біздің балаларымыз мұздап жатыр. Ал сорғыны қашан орнататыны да белгісіз", - дейді ата-аналар. 

Балабақша директоры Ольга Ергізова ғимараттағы температура санитария ережесіне сай екенін айтады. 

"Балабақшада жылумен проблема жоқ. Барлық топта жылу бар. Балабақшада екі айдан бері жылу жоқ деген жалған ақпарат. Бұл мүмкін емес қой. Тек кеше, 9 қаңтарда демалыс күндерінен кейін балалар жататын бір бөлмедегі температура түсіп кеткен. Біз бірден жылытқыш құралдарын қостық", - дейді мекеме басшысы.  

Директордың сөзінше, олар балабақшадағы температура режимі туралы ақпаратты күн сайын қалалық білім бөліміне жіберіп тұрады екен. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина