Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай: Астанада ерекше үшем дүниеге келді

Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай: Астанада ерекше үшем дүниеге келді
Фото: depositphotos.com

Астанада 200 миллион жүктілікте бір кездесетін үшем дүниеге келді. Сәбидің үшеуі де - ұл. Оларға Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай есімдері берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасында дүние есігін ашқан сәбилердің бірінің салмағы - 1 350 грамм болса, екіншісі - 1 370 грамм, үшіншісінің салмағы - 1 270 грамм.

Осындай қуанышты естіп, төбесі көкке жетіп отырған сәбилердің атасы Жамбыл Иманалиевтің айтуынша, дәрігерлер бастапқыда егіз дүниеге келетінін жеткізген.

"Келіннің отбасында егіз бар, бізде жоқ. Бірінші УДЗ-ге түсірген кезде бізге егіз деп айтқан болатын. Бұл жаңалықты естіп қуанып жүр едік, бір аптадан кейін ұлым қуанышты жаңалығым бар деп қайта хабарласты, сөйтсек егіз емес, үшем екен. Үшеуі де ұл екен деп тағы қуантты. Содан кейін ешкімге тіс жармай, дұға-тілегімізді тілеп, аман-есен дүниеге келуін сұрадық. Ал енді бәрі үшемге таңғалып жатыр. Бұл жас жұбайлардың алғашқы сәбилері", - деді ол.

Фото: Жеке архив

Оған қоса бұл жүктілік ерекше көрінеді, Жамбыл Иманалиевтің сөзінше, бұған тіпті дәрігерлер таңданыпты.

Дәрігерлердің мәліметінше, бұл монохорионды триамниотикалық үшем, ол 200 миллион жүктілікте бір рет кездеседі. Яғни үш ұрық бір ұрықжолдаста дамиды және бір генді бөліседі, олардың ДНК жасушалары 99 пайыз ұқсас. Монохорионды үшемдердің табиғатта кездесуі барлық клиникалық жүктіліктің 0,004 пайызынан аз.

Ал бүлдіршіндерге тарихи есім беру олардың әкесінің қалауы болған.

"Есімдерін ұлым екеуміз ақылдасып отырып қойдық. Ұлымның арманы бар еді, ол бұрыннан балаларына батырлардың есімін қойғысы келетін. Өзі де денелі, батыр жігіт, футболшы. Біз батырлардың есімін жаңғыртқымыз келді, ұмыт қалып кетпесін дедік. Еуропаға еліктемей, таза қазақша есімді қойғымыз келді. Бұл ойды бәрі оңынан қабылдады. Жалпы бұл біздің отбасыда қалыптасқан дүние. Өйткені алғашқы немеремнің де есімі Абылайхан", - деді Жамбыл Иманалиев.

Дәрігерлер сәбилерді алдымен жансақтау бөлімінде тұрақты бақылауда ұстап, тиісті ем-шараларды жасайды. Содан кейін палатаға шығарады. Үшем едәуір салмақ жинап, ал олардың анасының жағдайы жақсарғанда перзентхана қызметкерлері салтанатты рәсіммен үйлеріне шығарып салады.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда полицейдің отбасында үшем дүниеге келгені хабарланған болатын.

Мақпал Жүнісова үшем босанды

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә