Талдықорғанда 29 жастағы Еділ Қожабекті достары өз үйінен күшпен алып кеткен. Оның әпкесі Фариза Тұрлыбаева "Көреміз" редакциясына хабарласып, көмек сұраған. Оның айтуынша, 29 жастағы інісін көлікке күштеп мінгізіп алып кеткендер жеті сағат бойы қорлық көрсеткен. Қылмыстық іс Жетісу облысында тіркелген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл оқиға 23 ақпанда кешке болған. Кешкі сағат 19:00 шамасында Еділ Қожабекке Мадияр деген досынан хабарлама келген. Онда Еділге далаға шығу керек екені айтылған. Кейін түн ішінде Фариза үлкен әпкесінен інілері Еділді бір топ жігіт соққыға жыққанын естіген. Ол үйге келгенде інісінің жағдайы адамшошырлық болғанын айтады. Кейін Еділ болған жағдайды өзі баяндап берген. Еділдің сөзінше, достары түнгі сағат 3.30-да ұрып-соғып, жүксалғыштан шығарып, жол бойына тастап кеткен. Үйіне жеткеннен кейін жедел жәрдем шақырған, полицейлер келген.
Еділдің әпкесі ауруханада оның жарақатын да таңбағанын айтады. Талдықорған көпсалалы ауруханасы дәрігерінің айтуынша, науқастың жағдайы қалыпты болғандықтан, үйіне жіберілген. Сондай-ақ, Фаризаның айтуынша, полицейлер де бұл жағдайды қалыпты оқиға деп қабылдаған.
Жағаұстатар жайт мұнымен бітпеген. Кейін Еділ Қожабек достары зорлықпен киімін шешіп, астын кескісі келгенін айтқан. Еділдің әпкесінің сөзінше, бұл жағдайға інісінің достарының бірінің үйін салуға көмектеспегені, бір досының әкесіне көңіл айтпағаны себеп болған екен. Ал Еділдің әйелі күйеуіне сол күні қайта-қайта хабарласқанын айтады.
"Сағат он жарымда моншадамын, бір сағатта барамын" деді. Ал сағат 2 жарымдарда Мадияр Еділдің әпкесіне бәрі жақсы екенін айтқан", - дейді ол.
Күйеуін біраз уақыт күткен Айжан терезеден оның келе жатқанын көрген. Бірақ жағдайы ауыр болған. Еділдің сөзінше, алып кеткендер ішімдік ішкен. Сондай-ақ, оны Мадиярдың Мирас деген бауырының үйіне алып барғанын жеткізді. Ол бір есін жиғанда дәретхана мен асүй ортасында отырғанын айтты. Ал моншада басынан тепкен.
"Бәрін шығарып жіберіп, қолына пышақ алып, "жігітсің бе?" деді. "Иә, жігітпін" дедім. Онда "бұтыңды шеш" деді, бұтымды шеше бастадым. Ол тұрып мына жерімді (жыныс мүшесі - еск.) кесейін деп жатты. Кесейін деп жатқанда қашып шықтым. Қашып шыққанда қайта ұстап алды", - дейді ол.
Еділдің сөзінше, кейін қайта үйге кіріп азаптаған. Зорлық дерегі тіркеліп-тіркелгенін сұрағанын журналиске жәбірленуші жауап бергісі келмейтінін айтты.
Қарсы тараптың да өз уәжі бар екен. Мирастың әйелі Еділ абысынын зорламақ болғанын айтады. Әйелдің сөзінше, Еламан есімді қайны інісі үйіне Еділ мен әйелін қонаққа шақырған. Кейін Еділ мен Еламан моншаға түскен. Еділ моншадан ертерек шыққан. Алайда Еділ шыққан кезде бөлмені шатыстырып алғанын, мас болғанын айтады. Еділ де, әйел де бұл жала екенін айтып отыр. Бірақ Еламанның әйелі жарық жанып тұрғанын, шатыстыру мүмкін емес екенін жеткізді.
Ал сараптама қорытындысында Еділдің тікішегінің шырышты қабығы жарақаттанғаны анықталған. Бағдарлама мәліметінше, Еділ сексуалды сипаттағы зорлыққа ұшыраған.
Еділ қазір ауруханадан шыққан. Әпкесінің айтуынша, кісі демеуімен жүреді. Еділдің жасы 29-да, әйелі мен баласы бар екен. Інісінің мәселесін айтып жүрген Фариза Тұрлыбаева осы мәселе көтерілгеннен кейін тергеушілер істің мән-жайын, қалай жүргізіліп жатқанын толық хабарлап отырғанын жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!