Әдетте "жан ауруына" душар болған адамның сырт келбеті қалай елестейді? Кір-қожалақ, өзін басқара алмайтын, ақыл-есі кем? Қоғамда мұндай ерекше адамдардан қорқу қалыпты нәрсеге айналып кеткен. Ал алматылықтарда "Каблуков" көшесіндегі орталық тіпті де үрей тудырады. Жан ауруына душар болғандар кімдер? Неге көктемде психикалық ауру қозады? Мұндай орталықта жұмыс істеу қиын емес пе? Шизофрения мен жын кірудің айырмашылығы бар ма? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтар аясында Алматы психикалық сауықтыру орталығының бас дәрігері Сапар Құттыбайұлымен сұхбаттасты.
Қазір Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығы мен наркологиялық диспансер біріктірілген. Егер бірінші орталықта жалпы 360 орын бар болса, екіншісінде 282 төсек бар. Ал жалпы бақылауда тұрған алматылықтар саны - 17 мың.
Өкінішке қарай, есепте тұрған адамдар кез келген жұмысқа тұра алмайды. Ал бұл орталықта олардың қоғамға бейімделуі үшін біршама жұмыс атқарылған.
"Біздің орталықтың міндеті - ауруларды емдеу ғана емес, сонымен қатар, оларды қоғамға бейімдеу. Өздеріңіз білесіздер, есепте тұрған адамдарды жұмысқа алмайды. Сол мақсатта бізде тігін цехы, типография, карта салу цехы бар. Соның барлығы науқастар келіп жұмыс істеу үшін ашылды. Оған қоса, бақ ашылғанына екі жыл болды. Биылдан бастап балаларға көңіл бөліп жатырмыз. Оларға арнап аспаздық, театр кластарын және бақ ашып бердік. Аспаздық класын балалар тамақ істеуді өздері үйренсін, бейімделсін деп аштық. Ең алғашқы сабақта балалар қамыр илегенде аналары келіп жылады. Олардың айтуынша, балалар мұндай заттарға үйде қызықпаған", - деді ол.
Дәрігердің айтуынша, балалар ауруханада пельмен, самса сынды тағамдар дайындайды. Ал театр класына қатысатындар 1 маусымға қойылым дайындап жатыр.
"Біздің мақсатымыз - тек балаларға емес, олардың ата-анасына да көмек қолын созу, көңіл бөлу. Біз аналарға арнап Арт-терапия өткіздік. Демеушілер бізге қолдау білдірді. Енді бақшамызды кеңейтіп, орнына жылыжай салып, киіз үй орнатайын деп жатырмыз. Бұрын бақшаның орнында автотұрақ болған. 120-дай тал ектік. Мұның барлығы науқастарға арналған", - деді ол.
Орталықтың бір артықшылығы - қымбат қонақүйдің лоббиінен кем түспейтін қысқы бақ. Мұнда науқастар лимон, інжір, анар мен құрма отырғызған. Сондай-ақ, басқа да өсімдіктердің түр-түрі өсіріліп, тотықұстар сайрайды. Ақ қабырға мен түссіз күмбез болмаса шынымен ботаникалық бақта отырғандай сезінесің.
"Қысқы бақта табиғи орта қалыптастырғымыз келді. Тотықұстарға арнайы үлкен тор жасаттық. Адамдар кіргенде табиғатта отырғандай сезінсін деп істелген зат. Бұл - науқастарға және біздің қызметкерлерге демалып, тынығу үшін жасалған бақ", - деді дәрігер.
2019 жылы орталықта ментальді білім беру мектебін ашылған. Дәрігердің айтуынша, науқасқа шизофрения диагнозы қойылса, туған-туысқандары ұялып, намыстанады. Кімге айтарын, кіммен ақылдасарын білмейді. Сол себепті түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бұл мектеп ашылған. Алғашында бұл мектепке 27-ақ ата-ана тіркелсе, қазір олардың саны 300-ден асты. Онда медициналық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі.
Сапар Құттыбайұлы ауруға шалдыққан адамдар неліктен орталыққа жүгінбейтінін, неден қорқатынын ашып айтты.
"Қазір психологтар көбейіп кетті. Қатты көңілге тиетіні -2-3 айлық курсты бітіріп алып, психолог атанатындары. Өкінішке қарай, қазір әнші де, термеші де, жырау да психолог болып жатыр. Демек, халық бұл мамандардың көмегіне зәру. Оқыған-тоқыған маман болса жақсы ғой, бірақ кейде "психологтардың" зияны тиіп кетіп жатыр. Ал біздің орталыққа не үшін келуге ұялады? Адамдар диспансерлік бақылауда болудан қорқады. Бізде Сенім телефоны бар. Тәулік бойы жұмыс істейді, адамдар қоңырау шалып, аноним түрде көмек ала алады. Қазір былтырмен салыстырғанда жанұядағы мәселеге байланысты қоңырау көп. Көбіне әке мен бала арасындағы қарым-қатынас пен ойынқұмарлық туралы қоңырау түсіп жатыр. Суицидке байланысты да қоңыраулар бар. Бірде өзіне қол салмақ болған әйел қоңырау шалды. Ол өзін, балаларын өлтірмек болған. Сонда біздің мамандар онымен сөйлесіп, орталыққа келуін өтінді. 2-3 аптадан кейін емделіп шыққан әйел суицидке бармақ болғанына өкінді. Күйзелістің бір жаман жері адамдар өз әлемінен шықпай қалады", - деді бас дәрігер.
Орталықта аутизм, шизофрения, ақыл-есінің тежелуі диагноздары қойылған балалар да емделеді. Былтырмен салыстырғанда биылғы көрсеткіш 11 пайызға өсіп отыр.
"Көктемде кез келген созылмалы ауру өршігеді. Егер адам дәрісін уақытылы ішпесе, ауруы қозады. Науқастар не үшін диспансерлік бақылауға алынады? Дәрі-дәрмегін уақытылы ішіп, адамның өз-өзін күтініп жүргенін бақылау үшін. Біріншіден, күн жыли бастайды, екіншіден күн ұзара бастайды. Бұл кезде адамның ағзасында гормональді өзгерістер болады. Соның барлығы әсер етеді", - деді маман.
Дәрігердің сөзінше, Алматы қаласында 12 мыңға жуық адам психодиспансерлік бақылауда тұр. Ал наркодиспансерде 5 мыңға жуық науқас есепте. Бұған дейін психикалық ауытқу ауруларының ішінде шизофрения бірініші орында тұрса, екінші орында органикалық өзгерістер, үшінші орында ақыл-естің кемдігі ауруы болған Ал биылдан бастап органикалық өзгерістері бар аурулар бірінші орынға шыққан.
"Халық психиатрға көрінсем, есепке қояды деп қорқады. Елге айтарым, біріншіден, адам рұқсатын бермесе, оны тексере алмаймыз. Содан кейін диагнозды бір адам қоймайды. Кем дегенде 3-4 психиатр консилиум жасап, диагноз қойлады, кейін комиссия шешім шығарады", - деді дәрігер.
"Олар қалыпты жағдайға қарағанда 180 градусқа өзгеріп кетеді: дауыс естіледі, елес көрінеді. "Анау сенің жауың, ананы барып ұр, біреуге пықаш тығып ал" деген дауыс естілуі мүмкін. Сол кезде олар өз-өзін бақыламай, өзгеріп кетеді. Бұл - өте жедел кезең. Науқас өзіне не қоршаған ортаға зардабын тигізуі мүмкін. Мұндай кезде оған жақындауға болмайды, бірден жедел жәрдем шақыру керек", - деді Сапар Құттыбайұлы.
Сапар Құттыбаұлы шизофрения ауруына тоқталды. Оның айтуынша, бұл - көбіне тұқым қуалайтын ауру.
"Адамда өзгеріс бірден пайда болмайды, біртіндеп дамиды. Сондықтан оның жанындағы жақындары өзгерісті сезеді. Ол бара-бара күшейеді, өршігеді. Біз емдеу арқылы оларды қалыпты жағдайға әкелеміз. Науқасты дер кезінде емдемесе, қайтымсыз процесс болады. Оның ойлауы баланың деңгейінде қалып кетеді. Ал бізге алып келгенде психологтар жұмыс істейді: ем қолданылады, мидың қан айналымын жақсартатын дәрілерді беру арқылы оны қоғамға бейімдеп, өз жағдайын өзі жасай алатын деңгейге жеткізуге болады", - дейді маман.
Шизофрения қатты күйзелістен де болуы мүмкін. Кейбірінде бұл ауру қатты байқалмауы. Өздерінің ерекше екенін біліп, мұны жасырғысы келгендер жеке клиникаларға барып емделеді. Шизофрения мидың жұмысына байланысты. Миға көп күш түседі. Негізі ми уақытылы демалу керек. Тіпті балалардың арасында ұйқысыздық көп. Ұйқы алдында телефон қарау - зиян. Ондағы қызық ақпарат гормонға әсер етіп, ұйқы ашылып кетеді. Ал ми бірнеше күн тынбаса, адамның мінез-құлқы өзгереді: сіркесі су көтермейді, ашушаң болады. Ұйқының ауысуы да қатты әсер етеді. Күндіз, түнде бөлінетін гормондар бар. Ал ұйқы ауысса, ағза ретсізденіп, хаос пайда болады", - деді дәрігер.
"Ауытқуы бар науқастармен жұмыс істеу қиын, әрине. Жедел күйде түскендер ұрып жіберуі мүмкін. Бірде бір науқас біздің компьютерлерімізді қиратып тастаған кезі болды. Әрине, бізге оған ақы қосылады. Жұмыскерлер арасында қандай да бір психикалық ауруға душар болған адам жоқ. Оларға арнайы демалу кабинеті ашылды. Сол жерде жарты сағат тынығып, демалады. Жалпы біздің орталықта мыңға жуық адам жұмыс істейді. Алғашында барлығы мұндай бөлменің ашылуына қарсы болған. Кейін мен бұйрық бердім, қазір оларға ұнайды. Жалпы ми тынығып тұру керек, олар жұмыстағы проблеманы үйге, үйдегі проблеманы жұмысқа әкелмеуі керек. Бұдан бөлек, қызметкерлерді жылда санаторияларға жіберіп тұрамыз", - деді бас дәрігер.
"Біз де адамбыз ғой. Біздің мамандар арасында да ондай проблемалар болуы мүмкін. Психолог, психотерапевтер бір-бірін сезеді ғой. Олар өздері шай ішіп отырып-ақ, бір-біріне кеңес береді. Жұмыскерлердің қатты шаршағанын байқағанда демалысқа жіберемін. Ондай кезде бір-бірімізге қамқорлық жасамасақ, кім жасайды?!" - деді дәрігер.
Әдетте науқастар орталықта 1 ай емделеді. Тек сот шешімімен жатқандар бірнеше жыл еркінен тыс ем алады. Бізде өте қымбат дәрілер қолданылады. Олар 3 айдан 6 айға дейін әсер етеді.
"Халықтың "жындыханаға түссе, мұндағылар дәрі егіп, "овощ" қылып тастайды, адам кейпінен кетіп қалады" деген бір жаман түсінігі бар. Кеңес үкіметі кезіндегі қанау психиатриясы болды. Қазір мүлде ондай емес. Менен күнде "көндіру көйлегін" көрсетіңізші деп сұрайды. Бізде ондай жоқ. 2018 жылы келгенде бір айдан кейін есіктерді ашып тастадым. Бұл жерден қорқатын ешнәрсе жоқ. Қазір жастар керісінше, проблеманы шешуге тырысады", - деді маман.
"Біріншіден, қоғам психикалық ауытқуы бар адамды салақ, жуынбаған, үсті сасып кеткен жаман күйде елестетеді. Шын мәнісінде, ондай емес. Психикалық ауытқуы бар адамдар өте тәрбиелі, интеллигент. Байқасаңыз, олар барлығын баурап алғысы, бәріне көмектескісі келеді. Шетелде адамдар ондай ауруларға көмек берсе, бізде олардан қашып, таяқпен ұрып қуалайды. Ол да біз сияқты адам. Дәрісін уақытылы ішіп, дұрыс күтім көрсетілсе, ауру асқынбас еді. Мұндай адамдардан қорқудың, қашудың қажеті жоқ. Керісінше, көмек қолын созу керек", - деді Сапар Құттыбайұлы.
"Жын кіру деген нәрсе бар. Шизофрения мен жын кірудің айырмашылығы аспан мен көктей. Көп адамдар оларды айыра бермейді. Психикалық ауытқуы бар адамдарға елес көрінеді, дауыс естіледі. Ал жын кіргенде көбіне белгілі бір нәрсеге қарсы қою тұрады. Медицина мен дін бір-біріне қайшы келмейді. Екеуі де таза болсын деген ниет. Әдетте бізге науқастар жын кіріп, асқынып кеткенде келеді", - деді ол.
Бас дәрігер алдағы жоспарын айтты.
"Бізге мамандар жетіспейді. Биыл 6 жас маманды қабылдауды жоспарлап отырмыз", - деп қорытындылады Сапар Құттыбайұлы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!