Ақтөбеде есінен танып құлаған 28 жастағы әйел жындыханадан бір шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюро 31-ге" сілтеме жасап.
Ақнұр Шәкір өзін ақ халаттылар тексермей, алдап психикалық орталыққа жатқызғанына ашынып отыр. Жүйкесі бұзылмағанын айтып, шыр-пыр болған әйел өз ісіне салғырт қараған дәрігерлерді жазалауды талап етеді. Ауыл мектебінде еңбек ететін келіншек "жындыханада жатқан бір күнімде күйзеліске ұшырадым" дейді.
Ақнұр Шәкір осыдан бес ай бұрын ана атанған. Бұл - жеті жыл күтіп, экомен босанған тұңғыш сәбиі. Алайда жас ананың қуанышы кейінгі күндері қорқынышқа айналған.
Оның айтуынша, кейінгі кезде баласының ұйқысы бұзылып, бірнеше күн бойы көз ілмепті. Қатты шаршағаннан талып құлаған. Ал аудандық дәрігерлер емдеудің орнына "жүйке ауруына шалдықты" деген диагнозбен жындыханаға алдап апарды деп отыр.
"Қалаға облыстық ауруханаға анализ тапсырамыз деп алдап алып келді. Кейін жындыханаға әкеліп қамап тастады. Мен ұйықтай алмадым. Қасыма үлкен апа жатып алған. Ол бақырып, сөйлейді, матрасты жерге лақтырып жерге жатады", - деді Алға ауданының тұрғыны Ақнұр Шәкір.
Жас келіншек психикалық орталықта жатып керісінше күйзеліске түскенін айтады. "Ақыл-есім дұрыс екенін дәлелдесем де ақ халаттылар қинап дәрі берді" деп күйінеді.
"Қамап тастағанан кейін қағазбен тест әкелді. Бәрін орындап беріп тұрмын. "Жарайсың" дейді, сұрақтар қойды. Есеп қойды. Бәріне жауап беріп тұрмын. "Мен мұғаліммін, бәрін біліп тұрмын. Жеті атама дейін сұра" деп айттым. Одан дәрі берді. "Мына дәріні не үшін ішемін, ондай ауырып тұрған жоқпын, балама зиян емес пе, бала емізімен ғой" деп айтып едім. Аузымды ашып тұрып, дәріні қинап беріп, су ішкізді", - деді Алға ауданының тұрғыны Ақнұр Шәкір.
Ал Ақнұрдың ата-анасы болған жайтты естіп, аң-таң болғандарын жасырмайды.
"Босанғаннан кейін стресс алған бұл қыз, соны емдейміз 21 күн" деді. "Шығара алмаймыз соттың заңы бар, шығару үшін ұстауымыз керек" деді. 102-ден адам шақырып едік. Олар "мен де дым істей алмаймын" деді. Бала шырылдап көнбеді", - деді Ақнұрдың анасы Гүлден Жәумитова.
Психикалық орталықтың мамандары дәрігерлік құпияны алға тартып, науқасқа қатысты ақпарат беруден бас тартты. Тек кез келген адамды негізсіз емдеу мекемесіне жатқызбайтындарын жеткізді.
"Бірінші жоспарлы госпитализация дейміз, ол жоспар бойынша порталға тұрып, дәрігерге барады. Сол жерден жолдама алады. Екінші шұғыл госпитализация дейміз. Ол жедел жәрдем арқылы. Үшінші өзі келіп жүгіну, мысалы, ауырып тұрған жағдайда, бізге келіп қолхат жазып, емдеп беріңізші дейді. Құқықтарын бұзбаймыз, құжаттар бойынша, өздерінің туысының арызы бойынша ғана қабылдаймыз", - деді Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Гүлмира Оразова.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!