"Жын, елес дегендер бар". Атырауда жол апаттары неліктен көбеюі мүмкін екені айтылды

"Ж.Исламғалиұлы - Индер ауылының тұрғыны. Ол соңғы кездері Атырау облысында жол апатының тым көбейіп кетуіне алаңдаулы. Ауыл тұрғыны аварияның көбею себебінің бірі иесіз даланы жынның жайлауынан болуы мүмкін екенін айтты" - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Менің айтып отырғаныма біреулер күле қарауы мүмкін. Бірақ, жын, елес дегендер бар. Өзім де мұндай тосын жайларға талай куә болғанмын" дейді Ж.Исламғалиұлы.

Кейіпкеріміз жұмысбасты адам. Көбіне Индер мен Атыраудың ортасында жолда жүреді.

"Бұл оқиға осыдан 7-8 жыл бұрын болды. Атыраудан жәй шығып, ауылға келе жаттық. Көлікте жүргізушім екеуміз. Сағат таңғы 3-4 шамасы болуы керек. Бір кезде алдымыздан жолға қап-қара өгіз шыға келді. Мен жанұшыра рөлге жармасып, жүргізушіге көлікті бұр, тоқтат деп айғайладым. Қапелімде не болғанын түсінбеген жүргізуші рөлді өзі игеріп, өгізді басып кетті. Менен не болғанын сұрады. Мен өгіз көргенімді, оны басып кеткенімізді айттым. Мені түсінбеген жүргізушім басын шайқап, ешқандай өгізді көрмегенін айтты. Көліктің терезесінен артқа қарағанымызда, жол тап-таза болып жатты. Өгіз болған жоқ. Жол апатының көбеюіне осындай тылсым жағдайлар себеп болуы мүмкін. Әйтпесе, көлікке отбасын тиеп алып, жолдың қарсы бетіне шығатындай, жігіттер шетінен ессіз емес шығар" дейді Ж.Исламғалиұлы.

Оның айтуынша, ертеректе ауыл молдалары мұндай қасіретті жағдайлар көбейген уақытта Құран оқып, даланы "тазалайтын" болған.


"Бір жылдары ауылымызда біраз адам суға кетіп, қайтыс болды. Қайғылы жағдай қайталана берді. Кейін қарттар сезіп, садақа беріп, жерді "тазалады". Жауын жоқ кезде де, халқымыз құрбан шалып, тасаттық береді. Сондықтан, мұндай наным-сенім мәселесіне күле қарауға болмайды" дейді Ж.Исламғалиұлы.

Бұл мәселеге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы не дейді? Мүфтият сайтын ақтара келе, арнайы пәтуа шығарылғанын көрдік.

Пәтуада жындар әртүрлі бейнелер мен пішіндерде көріне алатыны айтылған. "Домовой", "елес", "адамның әруағын" көрдік деп жүргендер ол Алланың жаратылысы - жын болуы мүмкін. Әртүрлі кейіптегі елесті, жынды көрген адамдар Алладан пана тілеп, олардан қорықпағаны жөн.

Хадистерде "Егер сендердің біреулеріңе жын-шайтандардың бірі елес болып көрінсе, азан айтыңдар" - деген жолдар бар. Яғни, олардың жамандықтарынан азан айтумен, Алланы зікір етумен сақтану керек" делінген Шариғат және пәтуа бөлімі жариялаған пәтуада.

Бұған дейін Атырау облысы полиция департаменті жол апатының көбеюіне байланысты дабыл қағып, тұрғындарға үндеу жариялаған еді. Атырау облысында жыл басынан бері 155-тен адам жол апаты орын алып, салдарынан 60-тан астам адам көз жұмды.


Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!