Жыл сайын қыс мезгілінде кейбір өңірлердің тұрғындары жылыту мәселесіне тап болады. Massaget.kz тілшісі биылға дайындық қандай екенін анықтауға тырысты.
Энергетика министрлігі жылыту маусымына дайын емес жылу электр орталықтарының тізімін сұраған сауалымызға жауап бермеген. Тек "барлық ЖЭО жылыту маусымына дайын болады", - деп қысқа қайырған.
Дайындығы орташа, яғни жөндеу жұмыстары аяқталмаған ЖЭО-лар тізімі туралы сұрағымызға да "барлық ЖЭО-да жөндеу жұмыстарының кестесіне сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деп жауап берген.
Министрлік дәл қазір ЖЭО-лар қанша пайыз дайын екені туралы сұраққа да нақты жауап бермеген.
"2024 жылға 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Әртүрлі кезеңде жөндеу жұмыстары 2 энергия блогында, 32 қазандықта және 23 турбинада жүргізіледі. 3 энергоблокта, 16 қазандықта, 13 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды", - деп жазылған ведомствоның Massaget.kz-ке ресми жауабында.
Дегенмен министрлік елімізде қандай ЖЭО-ларда жағдай күрделі екенін айтты.
"Министрлік тарапынан Риддер ЖЭО, Екібастұз ЖЭО, "МАЭК" ЖШС, Кентау ЖЭО және Жезқазған ЖЭО-на қосымша назар аударылды", - деп жазылған Massaget.kz-ке ресми жауапта.
Жауапты орган бұл екі қаладағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы мәлімет ұсынды.
Энергетика министрлігі мәліметінше, Риддер ЖЭО-дағы №5 қазандық агрегаты мен №4 турбоагрегатқа күрделі жөндеу, №1, 2, 4 қазандық агрегаты мен №1 турбоагрегатқа кеңейтілген-жалпы жөндеу, №3, 6 қазандық агрегаты мен №2 турбоагрегатқа жалпы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Анықтама: 1956 жылы пайдалануға берілген Риддер ЖЭО бүгінде 50 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отыр. Шілдедегі мәлімет бойынша ЖЭО 57,7 пайызға тозған. Риддер ЖЭО "қызыл аймаққа" жататын 19 жылу көзінің тізіміне енген.
Шілдеде Олжас Бектенов Риддер ЖЭО-ға барып, жылу көзін реконструкциялау қарқынымен танысты.
"Суық түскенде үйлердің жылусыз қалуына немесе оның жеткіліксіз берілуіне жол бермеу керек. Сапаны сақтай отырып, бекітілген кестеден қалып қоймай, алдын ала шаралар қабылдау маңызды. Алдағы жылыту маусымы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының сапасы мен тиімділігінің көрсеткіші болады", - деді Бектенов.
Үкімет мәліметінше, қазандық агрегаттарын жөндеуге 5,5 миллиард теңге, тарату құрылғысын (АТҚ) реконструкциялауға 280 миллионнан аса , 19 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға тағы 2,7 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Екібастұз ЖЭО-да, "Energy Solutions Center" ЖШС-да № 5, 12, 15 қазандықтарды күрделі жөндеу және № 9 қазандықты жалпы жөндеу, №7 қазандықты жалпы жөндеу жоспарланған. Қазір № 7, 9, 12 және 15 қазандықтар жөнделіп жатыр. №5 қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталған.
Маусымда Бектенов Екібастұз ЖЭО-ны жаңғыртуға Үкіметтен қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды. Осылайша Екібастұз ЖЭО-ның 4 (11-15) қазандық агрегатын (2,4 млрд) күрделі жөндеуге және сол жерде тұндырылған су магистралін (988 млн) салуға Павлодар облысының бюджетіне 3,4 миллиард теңге сомасында қаражат аударылатыны айтылды.
Анықтама: Екібастұз ЖЭО-да күлден гидравликалық тазартуға арналған тұндырылған су беру жүйесі 1986 жылы орнатылды. Оның құрамына кіретін құбырлар тозған, бұл тұтынушыларға жылу беруде кедергі келтіруі мүмкін.
Айта кетейік, әкімдіктер мен меншік иелері бұған дейін Олжас Бектеновтен қатаң ескерту алды.
"Мемлекет басшысы апат жағдайында тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр нысан бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен "Топар" ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге де шаралар қабылданады".
Massaget.kz жылыту маусымына дейін бұл мәселені бақылайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!