Жылыту маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жылыту маусымына дайындығы төмен өңірлерді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, алдағы жылыту маусымына көмірге қажеттілік - 8,6 млн тонна. Оның ішінде 2,3 млн тонна көмір коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке, 6,3 млн тонна көмір халықтың пайдалануына керек.

"Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілді. Бұл - жылдық жоспардың 12 пайызына тең", - деді Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, ведомство басшысы жылыту маусымына дайындығы төмен өңірлер барын айтты.

"Мониторинг барысында 6 өңірде: Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында көмір дайындау жұмыстары төмен екені анықталды. Қазақстан темір жолы және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажет көлемін жеткізуге дайын. Осы өңірлер жұмысты жандандыруы қажет", - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін жылыту маусымына дайындық барысында қай ЖЭО-ларда жағдай күрделі екені хабарланды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!