“Жылына 8 мың тонна балық ауланады“. Арал теңізі толып келеді

Елімізде Арал теңізі толып келеді. Кейінгі көрсеткіштер бойынша кіші Аралда су көлемі артып, 23 миллиард текше метрге жеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

Қазір "Ақлақ су" тоспасы арқылы теңізге секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. Ал "Көкарал" бөгетін нығайту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Сондай-ақ, бөгетті биіктету және солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңі жүзеге асады. Бұл жаңалық теңіз төскейіндегі халықты да қуантып отыр.

"Бөген елдімекенінде 200-дей отбасы тұрамыз. Әр үй басына балықшы бар десек өтірік болмайды. Сол 200 үйдің қазаны осы теңізден қайнап отыр десек артық айтпаған боламын. Теңіз толады деп үміттенеміз", - деді Бөген ауылының тұрғыны Төрехан Ділжанов.

Аралдан жылына 8 мың тонна балық ауланады. Мамандар бұл кіші Арал теңізін сақтап қалу үшін жылдар бойы атқарылған шаруалардың жемісі екенін айтты. 

"Орталық Азия мемлекетінің президенттері кездесті. Сол кездесуде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан келісімшартқа қол қойғанда, түсетін судың көлеміне қарай әр мемлекетке тең бөлінетіні жөнінде келісілді. Қазір біз алатын шегімізді толық алып тұрмыз", - деді  "Қызылордасушар" өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз