Саран қаласына жаңа әкім тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Саран қаласының әкімі болып бұрын Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған Дарын Бұлқайыр тағайындалды.
Жаңа қала басшысын қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Депутаттар кандидатураны мақұлдады.
Саран басшысына қаланы дамытудың басым міндеттері белгіленді.
"Дарын Бейбітұлы қала әкімі лауазымында оған дейін басталған жобаларды жалғастырып, аяқтайтынына және жаңаларын іске асыратынына сенімдімін, бұл жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына және жалпы қаланың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді", - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Дарын Бұлқайыр 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қарағанды қаласы әкімінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
2013 жылдан 2015 жылға дейін "Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі" ММ бас маманы, басшысының орынбасары болды.
Содан кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында - бас маман-заңгер, бюджетті атқару бөлімінің бас маманы, мемлекеттік сатып алу және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.
2017 жылдан 2021 жылға дейін Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2021 жылдан 2023 жылғы шілдеге дейін Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасын басқарды.
2023 жылғы шілдеден бастап бүгінге дейін Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды.
Еске салайық, бұған дейін Саран қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоғын айтып шағымданды. Кейін сол кездегі қала әкімі Еркін Баулықов тұрғындардан кешірім сұрап, жақын арада пәтерлерге жылу берілетініне уәде берді.
Кейін Үкімет отырысында Саран қаласында жылу беру маусымының басталуы туралы мәселе күн тәртібінен тыс қаралды.
"Бұл - Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы", - деп сынады Олжас Бектенов.
Сонымен қатар премьер-министрдің тікелей тапсырмасымен тексеріс жүріп жатқаны белгілі болды. Энергетика министрі Саран қаласына барып, бәрін тексеретіні айтылды.
"Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардың барлығы жауапкершілікке тартылады. Тексеру нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыс құрамы болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деді Үкімет басшысы.
Артынша Сарандағы барлық үйге жылу берілгені хабарланды.
Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте мәлімдеді.
"Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін бірінші орынбасарыма ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылсын. Саран қаласының әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады", - деді өңір басшысы.
Кейінірек Саран әкімі Еркін Баулықов жылу беру маусымының басталуында жіберген олқылықтары үшін қызметінен босатылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!