Бірнеше күн бойы әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан қала жұрты дүрлігіп, тиісті мекемелердің шара қолданбай отырғандарына шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, жылқының өлексесі Өскеменге қарасты Ново-Тройцкое ауылы маңындағы өзенде қалқыған. Бейнежазба авторы мұны төтенше жағдай деп атады. Сөзінше, өткен аптадан бері жағдай өзгеріссіз.
"Бұл туралы учаскелік полицейге де айттым. Бірақ ешнәрсе жасалған жоқ. Жылқының өлексесі өзен ортасында қалқыса да иісі қолқаны қабады. Арғы басында балалар шомылып жүр. Ағынды су құдығымызға құйылып, көп тұрғын соған ыдыс-аяқтарын жуады", – деді автор.
Өзін Маргарита деп таныстырған тұрғын осыдан соң су құрамын зерттеу керектігін талап етті. Оның айтуынша, "Ермак" кооперативі жанында болған жағдайға ветеринарлар назар аударулары тиіс.
Бұл ретте ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми мәлімет ұсынып, ақпарат таралған бойда бірден өлексенің аулақ әкетілгенін жеткізді. Облыстық Ветеринария басқармасы өкілдерінің сөзінше, экологиялық жағынан қауіп төндіріп тұрған жоқ, судан сынама алынады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!