Жылқыны көлікпен басқан: ауыл тұрғындары ер адамның үйіне жиналды

Алматы облысы Междуреченск тұрғындары жол талғамайтын көлікпен жылқыны әдейі басқан ер адамның үйі маңына жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әлеуметтік желіде 18 шілдеде сағат 22.00-де жол талғамайтын көлігімен жылқыны әдейі басқан ер адамның үйіне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат пайда болды.

"Балалар үйді біреулер айналып жүргенін естіпті, әзірге үйдің қоршауы жоқ, терезені қағып, тас лақтырып, есіктерді қаға бастады. 100-ге жуық адам болды. Қазір бәрі жақсы, бірақ адамдар кетіп бара жатып, үйді өртеп жібереміз деп айғайлады", - дейді жазба авторы.

Алматы облысы Полиция департаменті өкілі мұндай оқиға болғанын растады.

"Үй маңына шамамен 20-25 адам жиналды. Хабарлама аудандық полицияның кезекші бөліміне келіп түскеннен кейін оқиға орнына дереу патрульдік полиция наряды мен Іле АІІБ басшылығы шықты. Келген полицейлер жиналғандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді, содан кейін бәрі үйіне тарады", - деді құқық қорғау органдары қызметкерлері.

Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмегенін айтты.

Еске салайық, Алматы облысында жылқыны қасақана басқан жүргізушінің видеосы Желіде қызу талқыланған еді. Күдіктіні полиция ұстаған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Междуреченск ауылының 38 жастағы тұрғыны ауылдастарымен жанжал кезінде жылқыны басқан. Ер адам өзінің әрекетін бақшасынан 20-ға жуық жайылып жүрген жылқыны шығаруға тырыстым деп түсіндіріпті.

Жануар аман қалған, бірақ иелері оның жарақаты болғандықтан, бауыздауға мәжбүр болған. Кейінірек жүргізуші неге жазаланбайтыны белгілі болды. Сонымен қатар, ол видео жолдап, кешірім сұрады.