Қадірлі қонақтар келгенде кез келген қазақ ет асып, сорпа ұсынады. Кейде етті жиі жеп кететін кездер де болады. Алайда ол адам денсаулығына зиян емес пе? Тәжірибелі интегративті гастроэнтеролог Сая Абралинова Massaget.kz тілшісіне еттің және сорпаның пайдасы және зияны туралы әңгімелеп берді.
Сая Абралинова ең сіңімді ет түрі қайсы екенін айтып берді.
"Ең сіңімді, жеңіл және дәрумендерге бай, ол жылқы еті. Одан соң сиыр еті, содан кейін қой еті екен. Жылқы етінде шеміршек аз, арасына май жиналмайды. Жылқы малы жасына қарай семіреді. Жасы үлкейген сайын етінің майлылығы да арта түседі. Жылқының еті (жая) эритроциттерге бай. Сондықтан оның құрамында гемоглобин ақуызы молынан бар", - дейді дәрігер.
Маманның сөзінше, жылқы еті қаны аз, әлсіз адамдарға өте пайдалы.
"Жылқы еті асқазанға түскен кезден бастап үш сағаттың ішінде түгелдей қорытылады екен! Жылқы майының құрамында өте құнды, қанықпаған май қышқылдары бар, сондықтан қатпайды, тез ериді. Құрамы жағынан сапалы, емдік өсімдік майларына жақын. Ал қанықпаған май қышқылдары адам ағзасындағы холестеринді ерітіп, кантамырларды тазартады", - дейді маман.
Фото: kaznews.mn
Сая Абралинованың айтуынша, халық емінде жылқы майы өт жолдарын тазартуға, буын суйек ауруларын емдегенде қолданып жүр.
"Жалпы жылқы майының емдік қасиеті соңғы кезде медицинада үлкен қызығушылық танытып жатыр. Ал сиыр етіне келетін болсақ ол жылқы етіне қарағанда ұзақ қорытылады. Сиыр етінің майында қаныққан май қышқылдары басым. Майы қатып тұрады және ағзаға түскенде қайта холестериннің үлесінің артуына себеп болады. Сиыр етінде гемоглобин, ақуыз, дәрумендер жылқы етіне қарағанда әлдеқайда аз", - дейді гастроэнтеролог.
Сая Сүйенішқызы жалпы жануар еті мен майы ағзамызға өте пайдалы ақуыз, нағыз қажет энергия, күш беретінін, иммунитет көтерілетінін айтады.
"Ақуыз жасушалардың құраушы негізі. Жануар майы ағзамызға тоқтық сезім береді, медициналық тілмен айтқанда - инсулинге төзімділік болмайды. Қант диабетінің қалыптасуын болдырмайды", - дейді маман.
Гастроэнтеролог ең зиян ет түрі қайсы екенін айтты.
"Осы жануарлар етінің ішінде зияны ол сиыр еті. Себебі ол жерде ағзамызға зиян холестериннің мөлшері көп! Зиян холестерин ағзамыздағы жүрек қан тамыр жүйесінің ауруына, қан қысымы, семіздік ауруларын қалыптастырады", - деп түсіндірді Сая Абралинова.
Сая Сүйенішқызы етті күнде жеу зиян екенін атап өтті.
"Етті күнделікті жеу әсіресе ішектерімізге зиян. Себебі ішектің қызметі, моторикасы нашарлайды. Ол тоқ ішектің қатерлі ісік ауруының қалыптасуына әкеледі. Етті аптасына екі рет қана қолданған дұрыс. Себебі ет тоқ ішекке ауырлық түсіреді", - дейді маман.
Сонымен қатар, интегративті гастроэнтеролог сорпаның пайдасы туралы айтты. Оның сөзінше, сорпаның емдік қасиеті өте жоғары.
"Әсіресе жілік сорпасы біздің ағзамызға қажет нағыз коллаген, хондратин сульфат және көптеген минерал бар. Ол бізде буын ауруларында өте ағзаға сүйектің құрамына қажет дәрумен мен минералға бай. Дұрыс тамақтануды, ақуыз, жануар майы, сорпа, жасұнық, көкөністерді көбірек пайдалануды қолға алып, ағзамызға қажет тамақты талғап жеуді күнделікті әдетке айналдырған дұрыс", - деп түсіндірді маман.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!