- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- жаңа жыл
Жылды қалай дұрыс аяқтау керек? Жылды қорытындылау несімен пайдалы?
Жылды қорытындылаудың не қажеті бар және өз жетістіктеріңізді қалай құнсыздандырмауға болады? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Әдетте жылдың соңында әлеуметтік желі қолданушылары өткен жылда не істегендерін жазып, сапарларға, жаңа жетістіктерге толы тізімдер сала бастайды. Біреулер басқалар үшін қуанады, ал біреулер жылды қорытындылаудың не қажеті бар деп түсінбейді. Ал басқалар өздерінің тізімі ондай емес екенін байқап, өзінің еңбегін құнсыздандыра бастайды. Алайда жылды дұрыс қорытындылау - тұлғалық өсуге және алдағы жылда нақты не қалайтыныңызды анықтауға көмектеседі.
Жылды қалай қорытындылаймыз?
Қарбалас өтіп жатқан күндердің ішінде өз дамуыңыздың динамикасын байқау қиын. Қандай да бір жағдайлар болып жатады, тапсырмалар шешіледі, мақсаттар орындалады, бірақ олар жайлы естелікті жаңа жағдайлар жылдам басып тастайды. Нәтижесінде, көп нәрсе ұмытылып кетеді. Ал жылды қорытындылау арқылы өткен бір жылда қалай өзгергеніңізді байқай аласыз, қателіктермен жұмыс істейсіз және өз-өзіңізді бағалауыңызды арттырасыз.
- Өміріңіздегі сіз үшін маңызды салаларды анықтаңыз: отбасы, мансап, денсаулық, қаржы, тұлғалық даму және т.б.
- Әр салада не өзгергенін жазып шығыңыз. Мысалы, денсаулық саласында дәрумендер ішіп бастадым, тексерістен өттім, таңертең жаттығулар жасап жүрмін, ұйқымды реттедім немесе дұрыс тамақтануды қолға алдым.
- Қандай да бір салада жағымсыз динамика байқасаңыз, бұл өзіңізді сынауға себеп емес. Тек келесі жылы сол салаға көбірек уақыт бөлуге тырысыңыз.
Жылды қорытындылауға көмектесетін сұрақтар
Жылды қорытындылауға мына сұрақтар көмектеседі:
- Мен үшін өткен жыл қандай болды?
- Мен осы жылы не білдім/алдым/түсіндім/сезіндім?
- Өткен жылдан қандай сабақ ала аламын?
- Осы жылы қандай маңызды оқиғалар болды және мен олардың арқасында не алдым?
- Осы жылы қандай жетістіктерге жеттім? Бұл жерге барлық нәрсені жазыңыз: "кофе мөлшерін азайттым" немесе "жоқ" деп айтуды үйрендім, "жаңа дағдыны меңгердім" және т.б.
- Мақсаттарыма жетуге қандай қасиеттер көмектесті?
depositphotos.com
Жылды қалай дұрыс аяқтаған жөн?
Өзіңізге демалуға уақыт беріңіз. Бұл өте маңызды. Өтіп бара жатқан жылдың соңғы күндерінде бәріне үлгеремін деп тырыспаңыз. Барлық нәрсені бірден жасамаңыз. Алдын ала демалатын және қалыпқа келетін уақыт бөліп қойыңыз. Өзіңізге демалуға, босаңсуға және тіпті ештеңе істемеуге мүмкіндік беріңіз. Бұл сізге өзіңіздің эмоционалды және физикалық ресурсыңызды сақтауға көмектеседі.
Жұмыс пен жеке өмірді араластырмаңыз. Жұмыс пен жеке өмір арасына шекара қойыңыз, олар бір-біріне әсер етпеуі керек. Жұмысты ойламай, отбасыңызға, достарыңызға және хоббиіңізге уақыт бөлуге тырысыңыз. Ол үшін өзіңізге ыңғайлы әдістерді пайдаланыңыз. Мысалы, "сағат 20:00-ден бастап, жұмыс жайлы ойламаймын" немесе "кеңседен шыққаннан кейін жұмысқа араласпаймын" және т.б. Бұл да эмоционалды жағдайыңыздың жақсаруына ықпал етеді.
Өзіңізді түсінуге уақыт бөліңіз. Өткен жылдағы жетістіктеріңіз бен дамуыңызды бағалауға аздап уақыт бөліңіз. Мысалы, оны "бұрын/қазір" әдісімен бағалап көріңіз. Өзіңізді басқалармен емес, тек өзіңізбен салыстырыңыз. Мысалы, қазір бұрынғыға қарағанда әртүрлі жағдайларды сабырлықпен қабылдаймын. Қандай қасиеттеріңізді әлі де дамытқыңыз келетінін ойлаңыз.
Жағымды сәттерге мән беріңіз. Жыл аяқталарда көпшілік адамның көңіл күйі түседі, себебі олар орындалмаған жоспарларға, осы жылы болған сәтсіздіктерге аса мән береді. Оның орнына жағымды сәттер, жетістіктер жайлы ойлаңыз. Сізге кей нәрселер ұсақ-түйек немесе кішкентай ғана жетістік болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл олай емес. Кез келген жағымды өзгеріс - сіздің жетістігіңіз. Орындалған мақсаттар, сапарлар, барған көрме, қойылымдар, қызықты таныстықтарды еске түсіріңіз. Бұл жақсы көңіл күйді және мотивацияны сақтауға көмектеседі.
Өзіңізге күтім жасаңыз. Физикалық және психикалық саулығыңызды күтуге уақыт бөліңіз. Спортпен айналысыңыз, босаңсытушы техникалар мен медитация жасаңыз, сізге қуаныш сыйлайтын іспен айналысыңыз.
Барлық ресурсты толықтырған соң келесі жылға жаңа мақсаттар қоюға болады. Мысалы, тепе-теңдік шеңберін сызу және т.б әдістерді қолдануға болады. Эмоционалды жағдайыңыз жақсы болса, мақсаттар мен жоспарларды позитивті бағытта құрасыз. Оларды орындауға мотивация да, энергия да болады.
Мамандар келер жылға қойылатын мақсаттардың ішінде міндетті түрде жеке білім мен дағдыны дамытуды қосуға кеңес береді.
Әр адам жылдың аяқталуы мен оны қорытындалуды өзінше өткереді. Өз эмоцияларыңыз бен сезімдеріңізді қалай бар, солай қабылдауға тырысыңыз.
Оқи отырыңыз: Келер жылға мақсатты қалай дұрыс қою керек? Маман кеңесі
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова