Алматыда Өскемен қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері көп тонна титан құймасын ұрлауға қатысты қылмыстық істің соңғы фигуранты - 63 жастағы ер адамды ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл қылмыс 2015 жылы жасалған. Өскемен қаласындағы кәсіпорындардың бірінің жұмысшылары қымбат шикізатты жымқыру схемасын ойлап тапқан.
Осылайша салмағы салмағы 9 370 келі, ал құны 31 миллион теңгеден асатын титан құймасы негізгі нысан болған. Қызметін пайдаланған қаскүнемдер күзет қызметкерлерімен сөз байласып, жүкті кәсіпорын аумағынан бақылау-өткізу пункті арқылы шығарған. Ұрланған мүлікті жасыру үшін құйманы көлікке салып, үстін матамен жауып, оның сыртына технологиялық және тұрмыстық қоқыс үйіп тастаған. Кейін металл басқа біреулерге сатылып кеткен.
Сол кезде полиция қылмыстық схемаға қатысқан барлық адамды анықтаған. Ұрланған мүлік тәркіленген. Ал күдіктілер заң алдында жауапқа тартылған, алайда олардың бірі жасырынып үлгерген, сондықтан халықаралық іздеу жарияланған.
"Кейінгі жылдар бойы криминалдық полиция қызметкерлері оның орналасқан жерін анықтау жұмысын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Он жыл өткен соң ер адам Алматы қаласынан табылды. Қазір 63 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Әрі қарайғы процессуалдық шешімдер заңда белгіленген тәртіппен қабылданады", - деді ІІМ өкілдері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова