- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жылдамдықты қырық шақырымнан...
Жылдамдықты қырық шақырымнан асыру мүмкін емес: 25 жылдан бері теміржол жөнделмеген
1954 жылы пайдалануға берілген Жамбыл-Қаратау-Жаңатас арасындағы теміржолдың бір бөлігі 25 жылдан бері жөндеу көрмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жалпы ұзындығы 175 шақырым болатын осы жол арқылы бүгінде еліміздегі ірі химия кәсіпорындар - "Қазфосфат" және "ЕуроХим" ЖШС жүк тасымалының 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Алайда жөндеу көрмеген жолда жылдамдықты қырық шақырымнан асыру мүмкін емес.
Жылдамдықтың төмендігі компанияға шығын әкеліп отыр. Мәселен былтыр "Қазфосфат" ЖШС 830 мың тонна жүк тасымалдаған. Мамандар бұл көлем 2024 жылдың басына дейін 1 миллион 200 тоннаға жететінін айтады.
Алдын ала болжамға сүйенсек, фосфор шикізатына деген сұраныс жылына орта есеппен 4,7 есеге (37 пайыз) өссе, 2027 жылы 9,6 миллион тоннаға дейін артады.
Кәсіпорын басшылары болжалды кезеңге дейін күкірт қышқылына деген сұраныс та артатынына сенімді. Есеп бойынша жылдық өсім 31 пайыз болып, 5,2 миллион тоннаға жетеді.
Жамбыл магистраль бөлімшесінің Жамбыл-Қаратау-Жаңатас аралығы бойынша қадағалау жұмыстарын жүргізетін Жамбыл жол дистанциясының директоры Жүнісбек Табулдиевтің сөзіне сүйенсек, жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен ғана жүргізуге мүмкіндік бар.
"Былтыр Жамбыл-Қаратау арасындағы жолға күшейтілген орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген соң ғана жылдамдықты сағатына 60 шақырымға көтеруге мүмкіндік туды. Бүгінде Шабақты-Табақбұлақ арасындағы 124-144 шақырым жолдың 20 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді Жүнісбек Табулдиев.
Ал Жамбыл мен Жаңатас аралығындағы Бурыл, Шайқорық, Аса, Жұма, Тамды, Қаратау, Ақтаутас, Табақбұлақ, Шабақты, Бугун бекеттері аралығындағы жолдар кезең-кезеңімен жөндеу кезегін күтіп тұр.
Айта кетейік, бүгінде бұл жол арқылы тек жүк тасымалданбайды, жолаушылар пойызымен тұрғындар да қатынап жүр.
Ардақ Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова