- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жылдамдықты асырған. Жүргізушіге...
Жылдамдықты асырған. Жүргізушіге 57 млн теңге айыппұл салынды
Финляндияда жүргізушіге жылдамдықты сағатына 32 шақырымға асырғаны үшін 121 мың еуро (57 млн 640 мың 461 теңге) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы nyan жазды.
Полиция Андерс Виклефті сағатына 50 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүруге тыйым салынған жерде сағатына 82 шақырым жылдамдықпен келе жатқанда тоқтатқан. Осылайша, ол тәртіп бұзғаны үшін айыппұл төлеп, он тәулікке жүргізуші куәлігінен айырылды.
"Мен болған жағдайға қатты өкінемін және бұл ақша денсаулық сақтау саласына кетеді деп үміттенемін", - деді ол.
© Instagram / Андерс Виклёф
Дегенмен, бұл Виклефтің жылдамдықты асырып, бірінші рет ұсталуы емес. 2018 жылы оған 63 680 еуро (30 млн теңге) айыппұл салынған. Финляндиядағы айыппұлдарды есептеу жүйесі тәртіп бұзушының кіріс деңгейін ескере отырып, оған осындай үлкен соманы төлеуге міндеттеген. 2013 жылы ол жылдамдықты асырғаны үшін дәл осылай 95 000 еуро айыппұл төлеген.
Айта кетейік, Андерс Виклёф Wiklöf Holding-тің негізін қалаушы. Бұл холдингтің ішіне бірнеше компаниялар кіреді. Сондай-ақ ол Финляндиядағы футбол клубтары IFK Mariehamn және Åland United-тің стадиондарының иесі.
Т. Раушанұлы