Desht (think tank) қазақстандық аналитикалық орталықтың айқындауынша, нарықтық реформалар - бұл "қалпына келтіру" түймесі емес, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Арнайы Tengrinews.kz үшін Desht сарапшылары өз болжамын бөлісті.
Қазақстан экономикасындағы жүйелі проблемалар баршаға белгілі. Бұл - шикізатқа жоғары тәуелділік, еңбек өнімділігінің төмендігі, инновацияның төмен деңгейі, табыстың біркелкі бөлінбеуі. Әрине, мұның бәрі күрделі мәселелер, бірақ олар "шок терапиясын" жүргізу үшін алғышарттардың бар екенін көрсетпейді. Өйткені, ел Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгідей терең дағдарыс жағдайында емес.
Бұл Қазақстанда нарықтық реформалар жүргізу мүмкін емес дегенді білдіре ме? Керісінше, егер мемлекет дамыған елдердің қатарына қосылуды жоспарласа, бұл үшін толыққанды нарықтық экономика қажет. Тек оған көшу - жылдам процесс емес, құрылымдық жұмысты талап етеді.
Алдымен негізгі институттарды - заң үстемдігі мен салауатты бәсекені нығайту қажет. Күшті құқықтық жүйе болмаса, мемлекет мәмілелердің барлық қатысушысы арасында "ойын ережелерінің" сақталуына кепілдік бере алмайды. Ал бәсекесіз салауатты нарық құру мүмкін емес. Әрине, мұндай жағдайда бизнес дамымайды, оған меншік құқығынан айыру немесе келісімдерді орындамау тәуекелдері де, бағаны жасанды ұстау немесе ұзақ мерзімді болжамдар құруды қиындататын уақытша сұраныстың туындауы да кедергі жасайды. Бұл өз алдына, одан әрі дамуды жоспарлаудың еш мәні жоқтығын аңдатады.
Мемлекет, әрине, жылдам жеңістерге қол жеткізе алады, бірақ бұл жеңістер ұзақ мерзімді перспективада пайда әкелмейтінін, тіпті жаңа құрылымдық проблемалар туындатуы мүмкін екенін түсіну керек. Мұндай жағдайда нарықтық экономикаға көшу нәтиже бермейді.
Экономиканы ырықтандыруға қадамдық өзгерістер арқылы әрі үзіліссіз қол жеткізуге болады. Ал мемлекет әлдеқашан бұл бағытта жұмыс істеп жатыр, мәселен елімізде жүзеге асырылып жатқан немесе талқыланып жатқан бірнеше бастама бар.
Алдымен, салық шегерімінен бастайық. Бұл басымдыққа ие бизнесті әр түрлі субсидиялар мен гранттар арқылы қолдаудың тәуекелді, әділетсіз әрі көп жағдайда тиімсіз тәжірибесінен бас тартуға мүмкіндік береді. Енді бәсекеге қабілетті бизнес белсенді болған кезде ғана ынталандырушы жеңілдіктерге ие болады - компания неғұрлым көп табыс тапса, мемлекет одан аз пайда алатын болады.
Тағы бір мысал ретінде әлеуметтік салаға бағытталған шығындарды жан басына шағу арқылы бөлуді атап өтсе болады. Әңгіме балаға жеке берілетін оқу ақысына жолдамалар туралы болып отыр, бұл оқу орындары арасында бәсекелестік тудыруға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ "ақша пациенттің соңынан келеді", бұл да медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады. Мұның барлығы қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы тұрғысынан төмен әрі шектен тыс орталықтандырылып реттелген жүйені айналып өтуге мүмкіндік береді.
Тағы бір мысал, халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекет тарапынан атаулы және неғұрлым әділ қолдау көрсетіліп жатыр. Цифрлық отбасы картасын және әлеуметтік әмиянды құру жоспарланып отыр, соның арқасында мемлекет ең кедей үй шаруашылықтарының шығындарын өтей алады. Осыдан кейін дәулетті топты де-факто субсидиялайтын бағаны реттеуден біртіндеп бас тартуға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!