Танымал блогер Фариза Төреәлі жақында ана атанды. Ол "қандай ана болар енемін" деген күндерін еске алып, жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Өзіңменен өміріміз гүлденді. "Осы мен қандай ана болады екенмін" деп уайымдап анама айтатын кездерім есіме түсіп кетті. Бұрын-соңды балаға қарап көрмегем, қолымнан көп нәрсе келмейді, тәрбие жағы ше.. миымда мың сұрақ пен қобалжу. Ұйқы жайлы үндемей-ақ қояйын. Сонда мамам "Алла өзі ана болған адамға екі-үш есе күш беріп қояды. Бәріне қалай үлгеріп, күш қайдан келіп жатқанын байқамай қаласың" деп айтқаны бар еді. Ал қазір қалай автоматты түрде бәрін жасап, қалай үйреніп алғанымды білмеймін. Дархан екеуміз алдын ала жаңа туған нәрсете жайлы көп оқып, ізденген едік, ал қазір бәрін іс жүзінде жасап үйреніп көп нәрсе біліп жатырмыз. Ұйқы қанбайды, жыласа жүрегің езіледі, іші ауырса бар амалын жасайсың, жорғалап жүгіріп кетесің. Бірақ күніге Алла қалауымен болып жатқан өзгерістерін байқап, бір күлкісін көргенде көзіңнен еріксіз бақыттан жас ағады, бәрін ұмытасың да қайта күш жинайсың. Дәл күлімдеген сәттеріне ештеңе де жетпейді екен ғой.. Нәресте үшін дәл қазіргі кезеңде ананың жанында болу сондай үлкен рөл ойнайды. Ештеңе түсінбейді, ештеңе есінде қалмайды, ештеңе білмейді деп ойлау үлкен қателік. Жанынан шықпай, максимум жылулық, махаббат, эмоция береміз, сөйлесеміз, көп көңіл бөлеміз, қайда барсақ бірге жүреміз. Күн сайын бір қызық, әсіресе әкесі екеуміздің түрлерімізді бір адамнан көргенде тіпті қызық екен. Абай атамыз "адамның бір қызығы бала деген" деп жай айтпаған екен ғой", - дейді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!