- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жылаған даусын естідім"....
"Жылаған даусын естідім". Шымкентте бес баланы көршісі өрттен құтқарып қалды
Шымкентте жеке тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, бір отбасы баспанасыз қалды. Өрт кезінде үйде қалған бес бала болған. Қызыл жалынды көріп, балалардың жылаған даусын естіген көршілері бүлдіршіндерді терезеден алып шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Құрсай шағынауданындағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, баспананың сау-тамтығы қалмаған. Үйдің шатыры толығымен жанып, терезелері сынған. Өрт кезінде үйде ата-ана қарауынсыз қалған кәмелетке толмаған бес бала болыпты. Абырой болғанда, көршілері құтқарып қалыпты.
Оқиға 2 ақпан күні түскі сағат 12:40 шамасында болған. Бекзат Таласбаев үйінің терезесінен қарағанда көрші үйдің баспанасынан өрт шыққанын байқапты. Балалардың жанұшыра жылаған даусы шықты деген ол бірден ұлы мен өзге көршісін ертіп, кішкентайларды құтқаруға асыққан. Қою түтін салдарынан есіктен кіре алмаған соң балаларды терезеден алып шығыпты.
"Балалардың даусы шығып жатыр екен жылап жатқан, далада жүргенмін. Мән бермей үйге кіріп кеттім, бірақ жүрегім біртүрлі болып, қайта шықсам көрші үйден түтін шығып жатыр екен. Сонымен үйге кіріп, баламды ертіп шықтым, кейін көршімді де шақырдым. Қоршаудан асып өттік, бірақ үйге кіре алмадық. Сөйтіп терезеден бес баланы алып шықтық. Біз келгенде 50 пайыз жанып жатыр еді", - дейді көршісі Бекзат Таласбаев.
Балалардың әкесі басқа қалада жұмыс істейді екен. Ал анасы жұмыста болған. "Ауа райының қолайсыздығына байланысты балалар онлайн оқитын болғандықтан, бәрін үйге қалдырып, жұмысқа кеткен едім" дейді.
"Мен күндегідей жұмыстамын, балаларымда бүгін онлайн сабақ. Екі үлкеніме тастап кеткенмін үйді. Өзім бірлерге жақын естідім, көршім хабарласып, "төбеден өрт шығып жатыр" деді. Ести сала келіп қалдым, жақын жерде жұмыс істейтінмін. Шақырып жатыр мені абысыным, көршілерім, бізге келе беріңдер деп жатыр. Баратын жер жоқ болса, амал жоқ бару керек болады. Негізі балаларыммен апаратын жер болса, көмектесетін жандар болса, менің қарсылығым жоқ", – дейді балалардың анасы Мақпал Байтиева.
Үлкені 2013 жылы, кенжесі 2022 жылы туылған екі ұл мен үш қыздың жағдайы жақсы, дегенмен дәрігерлер "түтінге аздап уланған" дейді. Қажетті тексеруден соң олар үйге шығарылды.
"Бізге 5 кішкене бала түсті, үйлері жанған. Соның кесірінен бізге түсіп отыр. Жағдайларының бәрі жақсы. Ешқандай күймеген, денелеріне ештеңе қылмаған. Жеңіл дәрежелі барлығы. Ішіндегі екеуі түтінге сәл-сәл уланған. Басқалары жақсы", - деді токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.
Өрт туралы хабар құтқарушыларға 12:42-де келіп түсіп, шамамен бір сағат көлемінде жалын толық сөндірілген.
"2024 жылғы 2 ақпанда сағат 12:42-де Шымкент қаласы Тұран ауданы Құрсай ш/а Қайнарлы көшесінде жалпы көлемі 117 шаршы метр тұрғын үй толығымен жанды. Өрт 13:14-те ауыздықталып, сағат 13:33-те толығымен сөндірілді. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкер мен төрт дана техника және АМО үш қызметкер мен бір дана техника жұмылдырылды", - дейді Шымкент төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Асқар Шәріп.
Оқиға орнына қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов та барды. Дегенмен зардап шеккендерге әкімдік тарапынан көмек бола ма деген сауалға Тұран ауданының әкімі жауап берді.
"Ол кісімен біз қазір сөйлесеміз. "Қайда барады?" деген мәселені мен де сұрадым. "Қайынағамның үйіне бара тұрамын" деді. Егер тұратын жері жоқ болса, уақытша тұратын үй тауып береміз. Бұл жағдайда біз тек қана жомарт азаматтардың тарапынан көмек болған жағдайда көмектесе аламыз", - дейді Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша сараптама тағайындалды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан