"Жыл соңына дейін". Шенеуніктер уәдесінде тұрды ма?

"Жыл соңына дейін". Шенеуніктер уәдесінде тұрды ма?

Жыл бойы елімізде түрлі жиын мен брифингтер болды. Оның ішінде шенеуніктер елдегі проблемалар бойынша түрлі уәде беріп үлгерді. Massaget.kz тілшісі шенеуніктердің жыл соңына дейін орындалуы қажет уәдесіне шолу жасады. 

Газбен қамту 

Энергетика министрлігі жыл соңына дейін Қазақстан халқының газбен қамтамасыз етілу көрсеткішін 58,43 пайызға жеткізбек. Бұл туралы министрлік басшысы Болат Ақшолақов Үкімет отырысында мәлімдеген болатын.

"Биыл елді газдандыруды дамытуға министрліктің республикалық бюджеттен 45,8 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 50,1 миллиард теңге қолдау тапты. Нәтижесінде 133 жобаны іске асыруға 96 миллиард теңге қарастырылып, бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған газдандыру деңгейі - 58,43 пайыз", - деді Ақшолақов.


elements.envato.com

Интернет: Мусиннің уәдесі 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2021 жылы мамырда өткен мәжілістің жалпы отырысында ауылдардағы интернет мәселесін шешуге уәде берген еді. 

"Қазіргі кезде (2021 жылы мамырдағы жағдай-еск.) 1 200 ауылды мекенде интернет мүлдем жоқ. Ал 510 ауылда интернет сапасы өте төмен. Сондықтан біз алдымен 2022 жылдың соңына дейін осы 500 ауылға сапалы интернет беруді жоспарлап отырмыз. Сол кезде 1 200 ауылға да интернет беріледі. Бірақ оны One Web технологиясы арқылы жеткіземіз", - деді Мусин Мәжілістің жалпы отырысында.

Балабақша 

Жыл соңына дейін 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 99,3 пайызға жеткізілетін болады. Бұл туралы оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Үкімет отырысында айтқан болатын. 

"Жекеменшік балабақшалаларда болған келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтеміз, біліктілігі сәйкес мамандармен қамтамасыз ету талаптарының орындалуын қадағалап, мемлекеттік тапсырыстың сапасын ваучерлік механизм арқылы жақсартамыз. 15 мыңнан аса тәрбиеші жаңа модель бойынша тиісті курстардан өтіп жатыр, олар тәрбиелеу сапасын жақсартады", - деген еді вице-министр.


elements.envato.com

Алматыда 71 балабақша ашылады

2022 жылдың соңына дейін Алматыда екі мемлекеттік және 69 жекеменшік балабақша ашылады. 2025 жылға қарай алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 100 пайыз болуы тиіс. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов айтқан болатын.

Жұмановтың мәліметтері бойынша, қалада 866 мектепке дейінгі ұйым бар: мемлекеттік - 192, жеке - 674. Биыл жыл басынан қалада 3 316 орындық 54 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылған. 

Жол мәселесі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91 пайызға дейін және жергілікті желі бойынша 85 пайызға дейін ұлғайтылатынын айтты.


elements.envato.com

Студенттерге: 5 мың орындық 17 жатақхана салынады

Жыл соңына дейін 5 мың орындық 17 жатақхана салынады. Бұл туралы қыркүйекте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ брифингінде айтқан болатын. 

Министрдің мәліметінше, бүгінде 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар, онда 101 мыңнан астам студент тұрады. Сондай-ақ жоғары оқу орындары 14 309 орындық 100 жатақхана мен хостелді жалға алады. 

Шамалған станциясының айналма жолы пайдалануға берілуі керек 

Биыл сәуірде Шамалған станциясының айналма жолында (ұзындығы 6 шақырым) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын. Жылдың соңына дейін бұл нысан пайдалануға берілмек.

"КазАвтоЖол"

Түркістан облысындағы тоннель 2022 жылы пайдалануға беріледі

Egemen.kz порталының мәліметінше, Дүниежүзілік банктің, Автомобиль жолдары комитетінің және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Түркістан облыстық филиалының өкілдері республикалық маңызы бар "Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент" 593-632 шақырым (Шақпап Баба ауылы) автожолының қайта құру учаскесіндегі тоннельге бірлесіп шықты.

ҚР ИИДМ мәліметінше, автомобиль жолдары республикалық маңызы бар "Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент" 593-632 шақырым тоннельдің бір жақ жолағының 840 метр құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта бетон жұмыстары толығымен аяқталып, дренаж жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

"Екінші жолақтың ашылуына 340 метр қалды. Жоба 2022 жылы пайдалануға беріледі", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина