Атырау қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі және Қазақстандағы бірінші теңіз кен орны болып табылатын Қашаған ресми таныстырылды, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 1 қарашасында Қашағанда өндіру тәулігіне 75 мыңнан астам баррель мұнай коммерциялық деңгейге жетті. Қазіргі таңда өндіру деңгейін арттыру және оны тәулігіне 180 мың баррель деңгейінде тұрақтандыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
«Биылғы жылдың соңына дейін 1 млн тонна-ға дейін мұнай және 680 млн текше метрге жуық газ, 2017 жылы – 8,9 млн тонна мұнай және 5,6 млрд текше метр газ өндіру жоспарлануда. Келесі жылдары жылына 13 млн тоннаға дейін мұнай және 9 млрд текше метр газға дейін өндіруді арттыру жоспарлануда», - деп мәлімделген хабарламада.
Қашағанды игерудің нәтижесінде әлемдік стандарттарға сай келетін отандық теңіз сервистік инфрақұрылымы салынды:
- «Ерсай» (Құрық п.) және «Каспиан Оффшор Марин Констракшн» (Ақтау теңіз порты) ауыр тонналы металл құрастырылымын шығару бойынша зауыттар салынды; Баутин портында кеме жөндейтін зауыт салынды;
- теңіз операцияларын қолдау базасы (Баутин порты), мұнай төгілуіне ден қою базасы және өзге де нысандар құрылды.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Шлюмберже, Сименс, Энерджи Вуд Групп, Сайпем секілді халықаралық компаниялар өз білімдері, технологиялары және тәжірибелерімен кірген 70-ке жуық бірлескен компаниялар/ әріптестіктер құрылды.
Қазіргі кезде Қашаған жобасында Қазақстан иелігіндегі үлесі 50%-дан астам 274 компания жұмыс жасайды.
180-нен астам қазақстандық компания оқудан өтіп, халықаралық стандарттар бойынша сертификатталды.
Әлеуметтік жауапкершілік аясында консорциум Маңғыстау және Атырау облыстарының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 500 млн доллардан астам қаражат бөлді.
Осы жылдар ішінде: 49 білім беру мекемесі (мектептер, балабақшалар), 30 медициналық мекеме (ауруханалар, емханалар, ауылдық дәрігерлік пунктілер), 68 инфрақұрылым нысаны (қалалар мен ауылдарды газдандыру, жолдар салу), 8 мәдени нысан (клубтар, мәдениет үйлері), 12 спорт нысаны (стадиондар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері) салынды.