Jibek Joly телеарнасынан көрсетілетін "Ана болғым келеді..." телевизиялық жобасы аясында перзент сүйе алмай жүрген 6 отбасыға көмек көрсетіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы бағдарлама жүргізушісі, журналист, Астана мәслихатының депутаты Ләйлә Сұлтанқызы айтты. Ол жыл соңына дейін тағы 20-ға тарта отбасының қалжа тойын атап өтулеріне себепші болатындарын да мәлімдеді.
"Ата-ана атанғысы келетін мыңдаған адамның хатын оқып отырып, олардың бастан кешіріп жатқан қиындықтарына бейжай қарай алмадым. Олар бала үшін күресуде, отбасында түрлі моральдық машақатпен бетпе-бет келуде. Дегенмен махаббат, шыдамдылық, үміт ақыры діттеген мақсатқа жеткізетіні анық. Әсіресе, әйелін қолдаған, қорғаған ер азаматтардың рөлі ерекше. Былтыр пациенттеріміздің барлығы ата-ана атанды. Енді бір ғана келіншектің қалжа тойын күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін "Ана болғым келеді..." бағдарламасы мен Mariyam қоры арқылы тағы 20-ға жуық отбасыға көмектесу ойда бар", - деді қор жетекшісі.
Ләйлә Сұлтанқызы жаңадан ашылған Mariyam қоры туралы да атап өтті.
"Мәриям – әкесі өмірден озған соң төрт күннен кейін дүние есігін ашқан кенже қызым. Кенже қызымның есімі сауапты істерге себепші болсын деген ниетпен осындай бастаманы қолға алдық. Өйткені, мен бір перзентке зар болған шаңырақтарды көрдім, көз жасына ерік берген ер азаматтарды көрдім. Сол себептен Салтанат Байқошқарова жетекшілік ететін "Экомед" клиникасымен бірлесіп, осындай қайырымдылық қорын аштық", - деді журналист.
Ол республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының деректерін де алға тартты. Қазіргі таңда елімізде "Д" есебінде бедеулік, белсіздік диагнозымен 26 мыңнан астам әйел мен 4 мыңнан астам ер адам бар. Мемлекет бұл мәселемен белсенді түрде айналысуда, бірақ барлық әйел бөлінген квота аясында көмек ала алмайды.
Айта кетейік, елімізде 2021 жылдан бері "Аңсаған сәби" арнайы жобасы жұмыс істейді. Сол уақыттан бері 14 мыңнан астам пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру жасалған. Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл сайын ЭКО-ғa 7 000 квота бөлінеді, ал сәби сүю үшін кезекте тұрған отбасылардың саны 15 000-нан асады.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!