Көлік вице-министрі Талғат Ластаев әуе билетінің бағасы маусымға байланысты құбылып тұратынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің орынбасаны биыл әуе билеті қымбаттамағанын атап өтті. Бірақ оның құнына көптеген фактор әсер етеді.
"Жалпы тариф өзгермеді. Тариф әртүрлі элементтен тұрады. Оның ішіндегі ең бастысы – жанармай. Қазір отандық зауыттар өндіретін жанармай жетпей жатыр. Осыған байланысты импорт жағынан бағаның өсу-өспеуі маусымға байланысты. Ол бағаға әсерін тигізеді. Тарифтің өзі өспейді, оған күнделікті факторлар әсер етеді", – деді Талғат Ластаев.
Вице-министрдің айтуынша, әуе билетін арзанға сатып алғыңыз келсе, оны ертерек алу жөн.
"Билеттерді ерте алған дұрыс. Біздің мәліметімізше, бүгінде жолаушылардың 52 пайызы әуе билетін 2 апта бұрын сатып алады. Егер одан бұрын алсаңыз, әуе билеті арзан болады", - деді министрдің орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда пойыз билеттері қымбаттайтыны хабарланған еді. Биыл 1 қазаннан бастап қазақстандық пойыздарда жол жүру құнын 20 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Бұған дейін Көлік министрлігінің баспасөз қызметі бұл өсім біршама бағытқа әсер ететінін хабарлаған болатын. Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде 140 жолаушылар бағыты жүріп жатыр, оның 62-сінде тариф бағасы өседі.
"62 маршруттың деректері облысаралық қатынаста жүреді. Олар республикалық бюджеттен субсидияланады. Бұдан басқа, облыстық бюджет субсидиялайтын облысішілік қатынас та бар. Олар жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз